Қазақтың қайсар қыздары

Қазақтың қайсар қыздары

Қазақ арулары сұлулығымен, ибасымен, ісмерлігімен ғана емес, ержүректігімен, батырлығымен де аты шықан. Сақ патшайымы Томирис пен бертіндегі Әлия мен Мәншүк, одан да бері Ләззат пен Сәбираға дейін де талай батыр арулар болған.

Айбике ару

Айбике ару Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған. Оның қоластында бірнеше тыңшы, барлаушылары болған. Ол ұзақ жылдар бойы «қолға түскен күң» бейнесіне еніп, қалмақ қонтайшысының ордасында күтуші болады. Жаудың күші мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек пен Қыпшақ Тілеулі батырларға астыртын құпия хабарлар мен мәліметтерді жеткізіп отырады.

Ержүрек қыз Айбике қалмақ тілін өте жетік меңгерген екен. Оның үстіне Тарбағатай мен Алтайдың таулы өңірлерінде, Зайсан мен Марқакөл маңында кез келген уақытта атпен адаспай жол тауып жүре беретін “жер шолғыш” қасиеті де бар екен. Айбике ару Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін өз еліне аман-есен оралады.

Гаухар батыр

Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс кезінде ерлік істерімен ел есінде қалған қазақ батыр әйелдерінің бірі – Гаухар. Ол атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Қабанбай батырдың қауіп-қатерге толы сансыз жорықтарында Гаухар ана ерекше табандылықпен қанды шайқастарға қатысқан. Қабанбай мен Гаухардың тұңғыштары Назым да өзінің ерлік істерімен тарихта аты қалған.

1724 жылы қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласына жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуылға алады. Осы шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр отыз мың әскер, Орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарға қарсы шабуылға шықпақ болып жатқанда, Гаухар жоңғарларлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайға жаудың жағдайы жөнінде толық мәліметтер береді. 1725 ж. әйгілі “Бұланты” жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гаухар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, уақыт өте келе “Гаухар батыр” атанады. Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты Майсара болса керек.

Назым (18 ғасыр)

Назым батыр Қаракерей Қабанбай мен оның жары Гаухардан туған. Әкесімен бірге 18 ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысып, Отан қорғаған.
1745 жылы жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен өліп, жоңғарлардың өз ішінде таққа талас басталады. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Абылай хан Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларды азат етуді мақсат етеді. Жоңғар тарапынан Қалдан Сереннің ортаншы ұлы, тақ мұрагері Цевен Доржы шығады. Ол өзінің қалың қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, бекініп алады. Абылай Жаңақорғанды алуды Қабанбайға бұйырады. Зеңбіректен жауған оқтан көптеген сарбаздар қырылып, Абылайдың қолы еріксіз кейін шегінеді. Не істерін білмей тұрғанда, Назым қазақ жасақтарының оң жақ тұсынан Цевен Доржы тұрған төбеге қарай «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шығады. Қыздың қолында не найза, не сойылы жоқ, бар болғаны қамшы ғана. Мұны көрген қалың қол шыдай алмай “Абылай! Ақ жол! Қабанбай! Абылай” деп айқайлап, зеңбірекшілерді таптап өтеді. Жоңғарларды жеңгеннен кейін, Абылай қыздың осыншама ерлігіне риза болып, оған беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін сыйға тартыпты. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған сол жеңісі Назымның атымен байланысты аталады.

Бопай Қасымқызы

Қазақтың 1838-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы Кенесары Қасымұлының қарындасы Бопай ханымның есімі көпшілікке біршама таныс. Ол Кенесары Қасымұлы құрған хандықтың сыртқы және ішкі саясатына белсенді араласып, аянбай тер төгеді. Бопай қолбасшыға өжеттік, көсемдік, жеңіске деген сенім, салқынқандылық, қайсарлық, шешендік тән болған.
Ол өзінің күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырған екен. Олар келісім бермеген Бопай 1837 жылы өзінің күйеуін және оның туыстарын тастап, өзімен алты баласын алып, өз тағдырын көтерілісшілер тағдырымен біржола қосады. Бопай зекет жинайтын және көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алатын 600 адамдық ерекше топты басқарды. Сондай-ақ ол Кенесарының ірі шайқастарына қатысқан және партизандық жорықтар жасайтын болған. Бопай Кенесарының барлық кеңестеріне қатысып отырған, ал Кенесары Бопайдың ақыл-кеңестеріне құлақ асқан.

Жапалақ (18 ғасыр)

Тілеулі батырдың некелі тоғыз әйелі болған екен. Соның бірі ­– Тама Есет батырдың туған қарындасы Жапалақ. Ол жарымен бірге жорықтарға қатысып, құралайды көзден ататын мергендігімен қалмақтардың талайларын жайратып салған. Баласын дүниеге әкелгеннен кейін оның тәрбиесіне айрықша назар аударып, шайқастарға шығуын сиреткен.

Ботакөз батыр (18 ғасыр)

Тама Есет батырдың қызы Ботакөз жас кезінде апасы Жапалақпен бірге жүріп, одан соғыс өнерін үйренеді.
Тарихи деректер бойынша 1742 жылы Есет батыр мен Тілеулі батырды Әбілқайыр хан шақыртып, екеуі Орынборға жол жүріп кетеді. Соны біліп алған жоңғарлар ауылдың жылқысын алып кету үшін шабуыл жасап, қуғыншыларды қырып салады. Ботакөз бірден қолына қару алып, 150 сарбазбен шапқыншыларға қарсы шығады. Осы шайқаста Ботакөз қалмақтардың қолбасшысы Қонды тайшыны атының үстінен жұлып алып, сүйретіп әкетеді. Мұны көрген қалмақтар бытырай қашып, көбі садақ оғына ұшады. Қалмақ қонтайшысы қазақ қызынан жеңіліп, керемет қорланады. Ботакөз Есетқызының осы ерлігін растайтын құнды тарихи құжаттар Ақтөбенің облыстық мұражайында бар екен.
1749 жылы Барақ сұлтанның қолынан Әбілқайыр хан қаза табады. Оның орнына тағына баласы Нұралының отыру рәсіміне Әжібай би елдің бас көтерер бар азаматтарын ертіп, Орынборға аттанып кетеді. Соны пайдаланып, Еділ қалмақтары қорғансыз ауылды қанға бөктіріп, бүкіл малды барымталап айтап кетеді. Мұны естіген Есет Көкұлының қызы Ботагөз аз уақытта өз руының жігіттерін жауға тойтарыс беруге шақырады. 150-дей сарбазды бастап Ойыл өзені бойында қамсыз жатқан қалмақтарға аш бөрідей тиісіп, кек қайтаралы. Сол жерде жауын тұтқындап алып келіп, тартып алынған мал-мүлікті еліне қайтарады.

Бақты (Бақтықыз) (19 ғасыр)

Бақты ­– Алашорда көсемдерінің бірі, азаттық қозғалысының алыбы Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі. Ол 19 ғасырдың ортасында әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршыларына қарсы күресіп, жау торабын барлаушылық қызметін атқарған. Оның тапқырлықтары мен жүрек жұтқан батырлығы туралы аңыз-әңгімелер ел арасындакөп сақталған.

Сапура батыр (Көктемір)

Ресей патшалығында шаруалар қолын басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аты аңызға айналған қолбасшысы. Әйел басымен қол бастауға қымсынғандай, бір құпия тұлға “Көктемір” туралы аңызды таратады. Орыс әскерлері оның әйел екенін білмеген, тек «Көктемір» деп таныған. Олардың дерек көздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласында «ұстатпайтын ұстын», «көрінбейтін жан» деп аталған Сапура Мәтенқызы жұмбақ жағдайда өмірден өтеді.
Көктемір Сапура қыз туралы ғалым Е.Бекмаханов “Көрінбейтін адам туралы аңыз” атты зерттеу еңбегін жазған.

Жәнделі қыз (18 ғасыр)

Қалмақ шапқыншылығы кезінде, кейіннен Алтай-Тарбағатайды қытайлар иемденіп қалмақшы болғанда, ерлігімен, тапқырлығымен аты шыққан қыздардың бір – Жәнделі. Оның руы – Найман. Жауынгерлер оның атын ұран еткен. Найман қызы Жәнделі туралы Ноғайбай ақын былай деп жырлаған:
Гүліндей жауқазынның нәзік жүзі,
Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызын.
Адамзаттың аққуы Жәнделінің,
Жауға аттанған Сауырдың жатыр ізі.

А. Оралқызы