Теккене

Теккене
Фото: Дамир Кужумов

Зұлымдық атты, көгілдір, түссіз, көзге көрінбейтін сұмдықты қашан, кімнен туғанын ешкімнен білмейді. Білгіштер айтады, Адам ата мен Хауа анадан туған екі баланың бірі бірін өлтіруінен басталған екен дейді. Солай да болар. Қалай болғанда да зұлымдық пен қатыгездік жасауда Шыңғыс ұрпақтары ешкімнен кем түскен жоқ. Әсіресе, Яса жерін Жошыдан кейін билегендердің бірі Тоқлоқтемір зұлымдығын бәрінен асырып еді. Ол өзіне қарсы келгендердің басын алды. Оның абақтысы, зынданы болған жоқ. Басын алып, ішін жарып, қарға-құзғынға, ит-құсқа жем етіп, кез келген жерге көмусіз, бетін жасырмай тастап кетіп жүрді. Әйтеуір, не керек, Тоқлоқтемірдің найзасының ұшына, қылышының жүзіне тап болғандардан жарық дүние көріп, тірі қалғандар жоқ еді.

Ол билеген ұлыс әрі дәулетті, әрі қазыналы, бай жер еді. Яса төңірегінде Отырар, Бұзық, Қарнақ, Сунақ, Сығанақ, Жент, Ихан қалалары жатты. Осылардың базарын, байлығын ол жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстады. Өзі тойса да, көзі тоймай, Яса төңірегіндегі диқандар мен көшпелілерді бақа жұтқан жыландай шайнамай қылқып жатты. Оған зұлымдық пен жауыздық байлық әкелді. Әрекетсіз келген бос дәулет оны есірік етті. Шаш пен Самарқанды, Бұхар мен Хиуаны билеген өз бәсекелестерімен бақа жарысқа түсіп, жаңа жорыққа аттанып, жоқ жерден жау іздеді. Қан көрмесе көзі қызарып, оны шашпаса, төкпесе ұйқысы шала болды. Алтын, күміс, темір, мыс, салмақты қорғасын іздеді, оны табатын кімдер? Одан сәулетті заттар жасайтын зергерлер, сәулетшілер, құмырашылар, ағаштан ою ойып, темірден өрнек салатын шебер қолдар керек. Оны бұған кім береді? Оны неге, қайдан алады? Әсіресе, соғыс қаруына жасайтын темір ұсталар қажет еді. Ол мұны табудың жаңа жолын іздеді. Ол өз қарауындағы елдің сұлу қыздары мен шапқанда даладағы құйынмен жарысатын жүйріктерін алтынға сату, айырбастау. Хақанның нөкерлері мен нояндар ел кезіп, қыз бен ат, түбіт пен ешкі терісін жинады. Осы төртеуіне саудагерлер алтын беретін. Ашыққаннан құныққан жаман. Бірде ол опасыздығынан секем алып қалған, нақсүйері, ең жақсы көретін қатыны Сүренияны Қандағардан келген саудагерге жұмырықтай алтынға айырбастамақ болған. Хақан зорлап үйленген жалғыз қызының сатылғалы жатқанын естіп, сонау, Арысафтың бойынан Баршақатын Ясаға бет алған.

Сырықтай ұзын, құрықтай иілгіш, ақ сұр әйелдің айласы да, ақылы да өзіне жетіп артылатын. Ол осы келісінде қызын бөтен жұртқа сатудан, алыстағы қол жетпес, көз көрмес жат жерге кетуден алып қалмақ. Жолай оның ойына қызын құтқарудың айласы түсті. Бірақ біреуінен басқасы оған үмітті болып көрінбеді. Ол өзін күйеу баласы Хақан Тоқлоқтемірге көріпкелі бар, жұмбақ адам етіп сендірмек. Онысы, небәрі Арысаф бойында тұратын келіншек, Тарағау атты ноянның алыста, жорықта жүрген жігіттің жары Сақыпжамал айтқан түс еді.

Авторы: Сәуірбек Бақбергенов

Қ. Бүйенбай