Ақсақ Темірдің сүйіктісі - Әлфия #5

Ақсақ Темірдің сүйіктісі - Әлфия #5
Фото: Бекзат Кадирбеков

Тау қиясын бөктерлеп жаяу атты келеді. Бұл оның әлде түсі, әлде өңі. Оны өзі де сезіп жатқан жоқ. Құлағына сыбырлап жатқан Әлфия даусы да үзілген. Дүние қуыс, бос боп қалды. Басы айналып, құлағы шыңылдайды. Мұрнына алаботаның жас иісі келеді. Ол алакеуімде оянды. Атына асығыс мінді де, тауға бет алды. Жолай ойда келеді. Өткен түнде, намаздыгер, намазшам арасынан бастап жас орылған, иісі аңқыған үйінді шөп үстінде шай ішкеннен соң ба не болды? Бәрі, бәрі, тым асығыс көрген түстей күмілжің. Оның өмірінде тұңғыш рет болар-ау, біреу құшты да сүйді. Әсіресе, ып-ыстық ернімен мұның аузына сүліктей жабысты. Құйқа шымырлап, денесі түршікті. Артынша қалғып кетті. Көз шырымын алғандай маужырап, тұрғысы келіп еді, көзі қайта жұмылды. Біреу құлағын қытықтап, қайта-қайта дуа оқығандай, әлденені күбірлеп жатты. Көбі есінде жоқ. Кейбір күңгірт. Қайсыбірі есінде.

Бала жігіт итарқадан шықпай ұзақ жатты. Әке болса, баласының қас-қабағынан, кіреукелі көз жанарынан, домбыққан ернінен, ыстық суға малып алған қоңыр сәтен сынды ұйпалақтаған өңінен, көп жайды таныды. Содан да есін жиған соң, сырласуға бел шешті. Бірақ баласы жұма күні ұшты-күйлі жоқ болды. Әке қатты сескенді, секем алып қалды. Әйелмен кездескен. Әйел болғанда жай емес, басты дуалайтын сиқыршы әйел. Әлі кеш болмаса, құтқаруға қол ұшын бере алмасам, әкелігімнен не пайда, не қайыр?

Тарағай баласын күтті. Ол жұмада кетіп, сенбі түнеп, жексенбіде қайта оралды. Әкесі шылауына оралып, таралғысын басып, аттан түсірді. Үзеңгілес боп, қатар жүргелі бұрын көрсетпеген қылық. Мұнысы несі?

- Көке, неменеге бәйек боп жүрсіз? Бұрын мұндайыңыз байқалмаушы еді ғой? - деді бала.

- Өсіп кеткеніңді білмей қалыппын. Әбестік пен қапы кімде болмайды. Енді ойласам, әке болу әрбір ақымақтың қолынан келеді. Ал сол баламен дос, сырлас болу қиын ба дедім. Мені әрі әке, әрі дос санасаң, әр кезде-ақ осылай болмақ. Балапанының қыран болғанын, бүркіт те ұшқанда бірақ біледі. Сенің өскеніңді аңғармай қалсам кешір, балам!

- Ой, оныңыз артық, көке!

- Сыйластық та артық, кем болмайды. Одан да былай жүр. Итарқадан алыстау кетіп сырласайық.

Екеуі күрке сыртындағы төбекшікке отырды. Тарағай оратпалы, астары қалың әдемі сөзді білмейтін адам. Ол бірден бастады:

- Жігіттің ең жан досы да, ең сұмдық қасы да – әйел. Ол жігіттің мерейін көтереді, ол еңсеңді түсіріп, қорлап өлтіреді. Ең алдымен білейін дегенім, қайсысына кез болғаныңды жақсы білдің бе? Мұны білмей тұрып, әйелге жақындау дозақтың алдына, қыл көпірдің үстіне өзің сұранып барғанмен бірдей.

- Бұл сауалыңыз ба, көке?

- Шыда, жауабын соңынан айтасың. Жігіттің тағы бір жауы – құмарпаздық. Шарап құмар, шабыт құмар. Бұл көп, созыла береді. Құмарпаздыққа шідер салып, өзін-өзі тежей білген жігіт ақылдан кенде, айладан аулақ емес. Айла да ақылдан шығады. Мына біз тұрған көк өгіз шабыт құмар болса, тайыншаны көргенде есінен адасып қалатын болса, біз әлдеқашан күлкім-әку жоқ болар едік. Өзі атқарар парызға мінәжат етіп, соған бас ие білген адам, артық шабытты, от басында жатқан ескі бөстекке санайды. Жаның тілемей тұрғанда ішкен су екеш су да артық.  

Авторы: Сәуірбек Бақбергенов

Қ. Бүйенбай