Кейкі батырдың келбеті

Кейкі батырдың келбеті
Фото: egemen.kz

Елбасымыз «Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алғалы қаншама игіліктің қайнар көзі ашылды. Өткеніміз бен өшкеніміз қайта тірілді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Қазақ елі тағы бір үлкен қуанышқа кенелді. Қазақстанға Кейкі батырдың басы қайтарылды.

Ресейден Кейкі батырдың басын қайтару туралы Пар­ламент Сенатының жалпы отырысында сенатор, Кон­сти­туциялық, заңнама, сот жүйе­сі және құқық қорғау органда­ры комитетінің төрағасы бас­таған бір топ депутаттар осы мәселені көтерген болатын­быз. Сенат отырысында сена­тор Серік Ақылбай «Тәу­елсіздіктің биылғы 25 жыл­дығы Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жыл­дығымен тұспа-тұс келіп отыр. Патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы көте­рі­ліс Қазақстанның барлық ай­мақ­тарын түгелдей қамтыды. Пат­ша үкіметі қазақ халқының бұл көтерілісін басып-жаншу үшін барлық күш-жігерін аямады. Жетісу, Сырдария, Семей, Ба­тыс Қазақстан өңірлеріндегі кө­терілістер бұрқ еткенде, Тор­­ғай даласында Әбдіғаппар Жан­босынұлы, Амангелді Иманов, Кейкі батыр бастаған көтеріліс те ең ұзаққа созылған ұлт-азаттық қозғалысының бірі болды. Алайда, бүгінгі ұрпақ 1916 жылы болған көтеріліс туралы, оны ұйымдастырушы батырлар жайында толық біле бермейді. Кешегі кеңестік кезеңде де бұл көтеріліс туралы шындық толық айтылған емес. Енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Осы көтерілістің даңқты қол­бас­шыларының бірі, атақты мер­ген Кейкі батыр өз елі үшін басын бәйгеге тіккендігі бел­гілі. Батырды қызыл әскер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған. Батыр бабамыздың басы әлі күнге Санкт-Петербургте сақтаулы тұр. Бұны еліміз Сыртқы істер министрлігінің сұрауына орай 1995 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі де жауап хатында растаған. Жалпы, Кейкі батырдың бас сүйегін туған еліне алдыру мәселесі көптен айтылса да нәтиже шық­қан емес. Дегенмен, Ұлт-азат­­тық көтерілістің жүз жыл­ды­ғына орай батырдың басын қай­­тарып, туған жеріне жерлеу мәселесін Үкімет қолға алса игі», деген еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілерінің бірі Кейкі ба­тырдың бас сүйегін туған же­рі­не қайтару мәселесі Ресей та­ра­пымен ұзақ жылдар бойы тал­қыланған болатын.

Кейкі Көкембайұлы 1877 жылы Торғай уезі, Қайдауыл болысында – қазіргі Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Тасты ауылында дүниеге келген. Бәріміз ол кісінің Кейкі деген атын жақсы білеміз. Ал азан шақырып қойған аты – Нұрмағанбет. Жастайынан саяқтау жүретін болғандықтан жеңгелері «Кейкі» атап кеткен. Шежіреге зер салсақ, ол бес ағайынды болған. Көкембайдан Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі және Шұбар туады. Осылардың ішінде бүгінде тек Қосжанның ғана ұрпағы бар. Кеңес өкіметі кезінде Көкембайдың кіндігінен тараған ұрпақтар «банды», «бас­­машының» туыстары деп айып­талып, тағдыр теперішін көп көрген. Батыр жастайынан өздерімен рулас, Торғай өңіріндегі мыңғырған жылқы айдаған бай Шашамбайдың Рахметі деген кісінің бетке ұстар жылқышысы болған. Ақ патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы түрткі бол­ған азаттық жолын­дағы кү­ресте Кейкінің батыр­лы­ғымен қатар құралайды көз­ге атқан мергендігі кеңінен т­а­нылды. Сол көтеріліс кезінде ол мергендер мыңдығын бас­қарды. Көтерілісшілердің әске­ріне А.Иманов бас сардар болып тағайындалды. Кейкі батырдың ерліктері 1916 жылдың күзі мен 1917 жыл­дың қысындағы Торғай, Құ­мкешу, Доғал, Үрпектегі және басқа да патшаның жазалаушы әскерлерімен болған шайқастарда анық көрінді. Оның құралайды көзге ататын мергендігі ел аузында аңыз болып қалды.

Торғай жеріне жаңа би­ліктің өкілі ретінде облыс­тық комиссар болып келген Әліби Жангелдиннің үгіт-на­сихатымен Амангелді Иманов пен Кейкі Көкембаев бастаған 1916 жылғы көте­рі­лістің сарбаздары большевиктер жағына шықты. Сол күндерде «Сен ақ жағындасың ба, әлде қы­зылдарға қарайсың ба?» деп сұ­раса, «Мен Аман­гел­ді қай жақта болса, сол жақ­тамын», деп жауап қататын Кей­кі батыр 1918 жылы 18 нау­рызда Амангелді Имановпен бір­ге Орынборда өткен бірінші жал­пы қазақ съезіне қатысады. «Бұл съезде Ә.Жангелдин де болды. Съезден кейін ол жақ­­тан Амангелді мен Кейкі жаңа әскери киімде оралды. Бұл киім­де олар нағыз үлкен командирлерге ұқсайтын», деп жазады есте­лігінде сол күндердің куәсі А.Ерходжаев деген азамат. Атал­ған жиыннан оралысымен Ә.Жангелдиннің тапсырмасымен А.Иманов пен Кейкі батыр Тор­ғай уезінде большевиктердің жер­гілікті билік органын жә­не қы­зыл армияның отрядта­рын құруға кіріседі. Бірақ, 1919 жылғы сәуір айындағы А.Имановтың және хандық кө­семі Ә.Жанбосыновтың жұмбақ жағдайдағы өлімдері батыр өміріндегі үлкен бет­бұрыстың басы болды. Кей­ін кеңес өкіметі Алаш қай­раткерлеріне қарсы қудалау нау­қанын бастап жүргізгенде Аман­гелдінің өліміне кінә­лілер ретінде алаштықтар ілік­т­і және сол жұмбақ өлім айып болып тағылды. Кейкі бас­таған қарулы сарбаздар қос боз­дақ­тың өлімінен кейін қайда барарларын білмей аңырды. Билік басындағылардан еш қайран болмасын түсінген олар қаруларын тастамады. Кейкі бастаған сарбаздардың қайта атқа қонуына қызылдардан жөңкіле қашқан Колчактың қалдық әскерлерінің бейбіт ауылдарды тонауы себеп болды.

1919 жылдың жазында Тор­­ғай жеріндегі жергілікті ке­­ңес өкіметін құлатып, бар би­лікті қолына алған алаш­орда­­лықтар большевиктерге қызмет жасаған Амангелдінің жақтастарын қуғындауды бастаған болатын. Осы мақсатта 20 адамнан тұратын әскери дала­лық сот құрылды және осы құрыққа «Амангелдінің жақ­тасы» ретінде Кейкі де ілікті. Алғашқы сәтте жоғарыдағы соттың үкімімен 15 «большевик» санатындағылар атылды. Далалық соттың ше­ші­мін орындау үшін В.Кафка мен С.Қаратілеуов бастаған жа­залаушы жасақ ел ішіне шы­ғып, «большевиктерге» бүй­регі бұрғандарды қудалауға, қол­ға түскендерін жазалауға кірісті. Бұған төзбеген Кейкі батыр қол жинап, үзеңгілес серігі А.Имановтың ауылын және туған-туыстарын қорғау үшін аттанады. Орын алып отырған әділетсіздікке қарсы тұруға бекінеді. Батырдың ерлік қимылдары түрлі жыр-дастандарға арқау болды. Осындай жыр-дастандарды ел аралап, алғаш қағазға түсіргендердің бірі академик Әлкей Марғұлан еді. Ба­тыр­дың кеңес билігіне ал­ғаш­қы қарсылығы ауыл бел­сен­ді­л­ерінің сілтеуінен туындады. Оның үстінен жоғарыға жө­нел­тілген жалған арыз, ақ­пар­лар оны «жау», «банды» деп қуғындауға негіз болды.

Батырдың, шынында, барар жер, басар тауы қалмаған еді. Жаны жаралы батырдың маңайына жазықсыз жапа шеккен, қызылдардан теперіш көрг­ен жарлы-жақыбайлар да топтасты. 1921 жылдың жазында «Кейкі бүлігін» басу үшін Торғайдан арнайы қызыл әскер жасағы шығады. Сарыторғай өзенінің бо­йында қатты шайқас болады. Кейкі жасағы іргелес жатқан Атбасар уезіне қарасты Бағаналы ауданына ығысады. Кейкі­нің соңынан ерген халық орта­ларынан Бағаналының төрт босағасының бірі атан­ған, атақты Бабырдың не­мересі Құлсейітті хан сай­лайды. Кейкінің көзін жоюға уездік ревкомның бар күшін жұмылдырады. Қар­сақпай зауытының ал­ғаш­­қы директоры, Кейкіге қарсы ұйым­дас­ты­ры­лған шаралардың басы-қа­сында жүр­ген И.Деев өз ес­те­лігінде «Жа­сағы тал­қан­дал­­ғ­ан Кейкі Қызыл­орданың қа­­сындағы Телікөл маңына асып, тағы 350 адамға дейін жа­сақ жинады. Қарсақпай-Қызылорда жолының бойына бе­кін­ген Кейкі жүргіншілерді то­най бастады», дей келе, ба­тырдың 1916 жылы Атбасар уе­зінде құрылған Бағаналы хан­дығының бас дін басшысы Ахмет ишан Оразаевтың ауылына жақын маңдағы Шұбартөбе деген жерге барып па­налағанын жазады.

Торғай және Атбасар уезінің басшылары бірлесе отырып енді оны алдап қолға түсірудің амалына кө­шеді. Әліби Жангелдин­нің атынан қолы қойылып, мөрі басылған жалған хат дайындалады. Аталған хатта батырдың бар «күнәсы» кешірілетіндігі және Торғайдан қызмет берілетіндігі айтылды. Батырға хатты тап­сыруға Ахмет ишан таңдалды және Кейкінің сарбаздарымен ишан ауылының маңында қыстап жатқандығы есепке алынды. Жоспарды іске асыру 1922 жылғы наурыздың басына бел­гі­ленді. Сөйтіп, Торғайдан Н.Токарев, Қарсақпайдан С.Мағзұтов бастаған қызыл әс­кер 1922 жылғы наурыздың ба­сын­да ишан ауылына келіп же­теді. Келіссөз жүргізу үшін Ах­мет ишанның үйіне келген жер­інде Кейкі қапыда қолға түседі. Жендеттер Кейкі батырды жары Ақжан, інісі Түскенмен бірге айуандықпен өлтірді: батырдың екі қолы, басы кесіп алынды, айы-күні жетіп отырған Ақжанның ішін жарып, нәресте етік табанына тапталды және інісі Түскен де азапталып өл­тірілді. Сол заманның бір куә­гері С.Искаков өз естелігінде «Кейкі­нің басын қанжығасына бай­лап М.Сафарғалиев қалаға кір­генде жұрт таңырқап көруге барды. Бас көше шамына байлаулы тұрды кешке дейін. Оны ілу себебі – Кеңес өкіметіне қарсы шыққандарға осындай өлім деп айбар етілді», деп жазды.

Тәуелсіз еліміздің жас тү­­лек­тері азаттықтың қа­зақ хал­қына оңайлықпен кел­ме­ген­ін білуі тиіс. Осы ретте Кейкі сияқты батырлардың есімдерін ұлықтау, өте маңызды. Ел қор­ғаған ерлердің лайықты ізбасар ұр­пақтарын өсіру – үлкен міндет.

Тарихи жәдігерлерімізді қайта жаңғырту мүмкіндігіне тек қана тәуелсіздіктің, онда да Елбасымыздың сарабдал сая­са­тының арқасында қол жет­кі­зіп отырғанымызды естен шығармауымыз керек. Көрші Ресей елімен достық келісім­шартын жасап, өзара сенім мен ын­ты­мақтасудың бе­рік негізін қа­лаудың нәтижесінде Кейкі ба­тырдың басын қайтарып ал­дық.

Елбасы айтқандай: «біздің тарихымызда ешқандай да ұялатын нәрсе жоқ». Қайта біз өз ерлеріміздің есімдерін мақ­­­танышпен атап, оларға тағ­­зым етіп отыруға тиіспіз. Осы тұр­ғыдан алғанда Кейкі ба­тыр­дың басының елге оралуы – символдық мәні бар үлкен оқи­­ға.  Сондықтан, мерейіміз үстем, мәртебеміз қазіргіден де биік болатын күндер алда.

 Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, сенатор

"Егемен Қазақстан" газеті

Н. Айдархан