Боранбай батыр

Боранбай батыр
Фото: vk.com

Боранбай Қалқаманұлы  (шамамен 1704-1802) - Орта жүз құрамындағы Найман тайпасынан шыққан, қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы қатысқан батыр, белгілі би. Жас кезінде Түркістанда ескіше оқыған. Тарихи деректерде Боранбай мен Қаракерей Қабанбайдың есімі қатар жүреді. Ол қазақ хандығының тәуелсіздігі мен ел бірлігі жолында Абылай хан жүргізген саясатты жүзеге асыру ісіне үлкен үлес қосқан. В. В. Вельяминов-Зерновтың еңбектерінде Кіші жүздің қаза тапқан ханы Әбілқайырдың орнына таққа оның ұлы Нұралыны отырғызуға мұрындық болып, Орынборға барып айтқан сегіз бидің бірі осы Боранбай екендігі айтылады. Кезінде Арғын - Найман арасындағы жер дауының әділ шешілуіне ықпал еткен. Боранбай биді Бұхар жырау, Көкбай ақын жақсы таныған. Оның көсемдігі мен шешендігі, батырлығы барлығын тәнті қылған. Халық жадында "Кім ұқпас Наймандағы Боранбайды, Бес байыс Боранбайлап ұрандайды..." немесе "Найманға би Боранбай билік айтып, Артына аруақты болған ұран. Тұсында Абылайдың ақылшы боп, Серік боп ордасында қызмет қылған" деген сияқты өлең-жырлар қалған. 

Бұрынғы Қызылкесік ауылы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы) "Би Боранбай" деп аталады. 

Ж. Исакаев