Елім деп еңіреген Есет батыр

Елім деп еңіреген Есет батыр
Фото: karabura-tama.kz

Есет Көтібарұлы (1803-1888) – Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының Шекті руынан шыққан батыр. Тарихи құжаттар бойынша 1803 жылы Ақтөбе облысының Шалқар көлінен 7-10 шақырым жердегі Ақши бойында туған.

1856-1861 жылдары Ресей сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры болған Е. П. Ковалевский 1839-1840 жылдары Хиуа сапары кезінде Есет Көтібарұлымен кездескен сәтін былайша суреттейді: «Арал маңындағы Кіші жүз қазақтарының кейбір топтарынан құрылған отаршылдыққа қарсы қозғалысты басқаруынан бұрын Есет Көтібаровты сайын дала торабынан кездестірдім. Есет Геркулес сияқты атлетикалық дене бітімді, сұлу келбетті және іс-әрекеттері кез келген еуропалықты таңқалдыратындай және бұл қасиеттері отандастарына қатты әсерін тигізген».

XIX ғасырдағы қазақ даласын еуропалықтарға алғашқы рет таныстырған поляктың демократ-революционері, суретші Бронислав Залесский 1865 жылы Парижде француз тілінде шығарған «Қазақ сахарасына саяхат» деген кітабында былай деп жазған: «Мен бір күнімді Есет Көтібаров деген қырғызбен өткіздім. Ол осы замандағы қазақ даласына танымал ерекше тұлға... ол көсем болып қалды... және қазының міндетін атқарды». Б. Залесский осы сапарында қара қарындашпен Есеттің суретін салып алған. Есет сол заманда Еуропада, Ресейде суретке түсірілген, ол суреттері кезінде газет-журналдарда жарық көрген санаулы адамдардың бірі болған.

Ресейден табылған ақпарат құралдарында Кіші жүзде Есеттің аты 40-жылдарда өлтірілген отандасы Кенесарының немесе Кавказдағы Шамильдің атындай қаһарлы болғандығы және оның ұзын бойлы, селдір қара сақалды, мұртты, оның жүзінен қайырымдылық пен сергектік, тұнық әрі сабырлы көздерінен терең ой, ақылдылық, салмақпен айтқан әңгімелерінен оның қазақ болмысын терең білетіндігі және кең парасаттылығы байқалатындығы туралы жазылған.

Соңғы жылдары табылған тағы бір дерек шығыстанушы С. Өтенияз Ұлыбританияның Лондон ұлттық кітапханасының сирек кітаптар қорынан 1865 жылы ағылшын тілінде жарық көрген қазақ даласы жайлы кітаптың көшірмесін алып келген. Осы кітаптың 33 беті Есет батырға арналған. Онда Есеттің сегіз ұлының үлкені - Назардың да суреті басылған екен. Тарихи деректер бойынша, Орынбор генерал-губернаторы Назар Есетұлын немере ағасы Бекет Серкебайұлымен Орынбор түрмесіне қамайды. Кейін Бекетті Сібірге жер аударады да, Назарды Есет қаһарынан сескеніп, босатып жібереді. Осы кітапта Есет батыр бастаған көтеріліс толық жазылады.

Қазақстанның батыс өлкесіндегі қозғалыстар, кейін көтеріліске айналған қанды оқиғалардың бірегейі – Сырым Датұлы бастаған қозғалыс патшалы Ресейдің отаршылдық саясатына, Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс феодалдық-патриархалдық жаныштауға, Жанқожа Нұрмұхамедов бастаған көтеріліс Хиуа хандығының тонаушылығына қарсы болды. Есеттің әкесі Сырым Датұлының көтерілісіне қатысса, баласы Есет өз тұстасы Исатай-Махамбет көтерілісіне дем береді. Есет бастаған көтеріліс те патша отаршыларының зорлық-зомбылығына қарсылық белгісі болды. Оның көтерілісі тарихи деректер бойынша 12 жылға созылған. Алайда жеңіліс тауып тынады. Патша әскерлері өздерінің қанқұйлы әрекеттерімен мыңдаған адамды қырып, жүздеген ауылды қиратқан. Есет Көтібарұлының барлық әулеті ел қорғауға араласып, аттары тарихта қалған. Есеттің арғы тегі Алтын Орда мен Ноғайлы ұлысының әміршісі болған, атақты «ел қамын жеген» Едігеге барып тіреледі. Есет Көтібарұлы өзі туып-өскен Шалқар ауданында, Шолақжиде деген жерде жерленген.

"Тарихи тұлғалар", "Қазақ батырлары" кітабынан мәліметтер пайдаланылды

Ж. Исакаев