Шәкәрім Құдайбердіұлының нақыл сөздері

Шәкәрім Құдайбердіұлының нақыл сөздері
Фото: nur.kz

Ұлы Абайдың тәрбиесін көріп, жеті жасынан жырға деген қабілетін танытқан, Абайдың ізін басып, дәстүрін жалғастырушы Шәкәрім Құдайбердіұлы – ірі ақын, тарихшы, ғұлама ойшыл, сазгер, аудармашы. Әртүрлі өнер түрлерін игеріп, өз бетімен араб, парсы, түрік, орыс тілдерін еркін меңгеріп, шығыс және орыс классиктерінің шығармаларынан нәр алған. Сонымен қатар әлем кітапханаларында білім қазыналарымен танысқан. Ел қамын ойлап, философиялық, ғылыми ілімімен артына өлместей мұра қалдырды. Ұлттық дәстүріміз бен философиялық іліміміздің және дүниетанымымыздың дамуына зор үлес қосты. Ендеше назарларыңызға ғұлама ойшылдың ел есінде қалған қанатты сөздерін ұсынамыз.

Басы

Кей адамнан ит ілгері, достықты ұмытпайды, адал қызмет етеді.

* Көңіліне бір қылығың симаса, кейде жүз жылдық досың бір күнде жауыңа айналады.

* Ит иесін қаппайды.

* Шын дос – жақсылықты ұмытпаған дос.

* Отаршы елдер ағызар әскер қанып, алмақ болып аз елдің жер мен малын.

* Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,

   Ортасы – өмір, жоқтық қой – екі басы.

   Сағымдай екі жоқтың арасында,

   Тіршілік деп аталар біраз жақсы.

* Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату дос – өміріңде өкіндірмес қасиеттер осылар.

* Ақыл – өлшеусіз жарық нұр.

* Жан тән қамын жеп тыныштық таппайды.

* Хан тоймайды.

* Екі жуан сыймайды жер жүзіне – тоғыз кедей сияды алашаға.

* Сөккенің болсын – сүйгенің, достығың болсын – күйгенің.

* Жүрегі таза адам қиянатқа бармайды.

* Шенеунік ісін қылмаңыз – әділет жолын таңдаңыз.

* Қартайған соң балаға ата жақпас.

* Алдап айтқыш ақын көп.

* Пара алып, не қазынаның ақшасын жеп адалымсып жүретін ұлықтар, кеңсешіл пысықайлар аз емес.

* Жазықсызды жалалап атақ алып, ақ жүрексініп жүретіндерден сақтасын.

* Анық бақ: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.

* Өзімшілдің іші – тар, ойы – шартық.

* Жарқанат күннің нұрын жек көреді.

* Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,

  Қазақ жүр құмарланып құр атаққа.

* Аз ойна – көп ойла.

*  Қазағым – жолдасым, қаламым – сырласым.

* Түзелер кезі жоқ,

Түзетер тезі жоқ.

Жер жүзі халқының,

Қазақтан езі жоқ.

 

* Ғылым – кенің, ауырсаң – емің.

* Байлық пен мансап-мақтан – арман емес.

* Ел жеген әкімдерді ақтарым жоқ.

* Абай – ақыл дариясы.

* Адам үшін еңбек ет.

* Надандардың сөгуі айып емес.

* Барша адамзат – бір бауыр.

* Мылтық билеп тұрғанда – әділет болмайды.

* Өнерлі елдерден өнеге алмақ керек.

* Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек.

* Жұқпайды екен айтқан сөз,

   Ғылымы жоқ наданға.

* Саңырау мен наданға,

Естіле ме құр айқай.

Емделмеген адамға,

Ем бола ма құр ойбай.

Ел құлағын, көзін аш,

Оқу оқыт, ғылым жай.

 

* Рас сөзге – егеспе.

* Бал қоймай-ақ, май қойсақ,

Келген қонақ жемес пе.

Мұнша неге құмармыз,

Түбі пайда емеске.

Шалқи берме, шамалап,

Шаруа кетті келмеске.

Күміс тұрман тағынып,

Мен қалаймын деп еспе.

 

* Білу, нану, ұнату – ақыл ісі.

* Ықтималдың есігі – екеу.

* Біреу білген айланы – біреу білер.

* Қазақта жоқ ақылмен ой бекітпек,

Нәпсі ұнаса болғаны – бәрі бітпек.

Тәуекел деп ат қойып ықтималға,

Байлауы жоқ нәрседен пайда күткен.

 

* Арсыздық, арамдық, асығыстық пен айлакерлік – шайтанның достары.

* Адамзат тұра алмайды әдетке ермей.

* Құмарыз өмір – қараң.

* Құмарың – бір, ісің – көп болсын.

* Мен де соққы жедім деп сұм дүниеден,

Көп жазым ем – оныма өкіндім мен.

Ойласам: көрген бейнет, тартқан қайғы,

Болыпты не біреуден, не өзімнен.

 

* Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,

Дүние – алдамшы, өмір – қу деп елірме.

Қамдан, сақтан, қалғып бақ бәле келсе,

Бәрін құдай қылады дегенге ерме.

 

* Дұшпан мақтар елірте бермек үшін.

* Мін болмайды наданның қорлағаны.

* Өнері жоқ өсекші ел жамандар,

   Өтірік пе, рас па – көрмей ішін.

* Кім айтса да – алдымен ақылыңа сынатып ал.

* Тегіс тексер сөз көрсмең сыр мен сынын,

  Түзетуге именбе – тапсаң мінін.

* Көрінге көз сүзбей күнін көріп,

   Қазақ қашан ел болар, құдайым-ай.

* Қор болар үйде отырып өскен адам,

   Қиялап қиын жерде сол озады,

   Көп жол көріп, басына іс түскен адам.

* Анық байлық – бойға біткен өнерің.

* Байлық жақсы екені елге мәлім,

Өзің істеп әдет қыл – келсе халің.

Қолың білсе біреуге жалынбайсыңі,

Шыдамды бол, еріншек болма, жаным.

 

* Арамнан жиған бос мақтан – дәулет месе.

* Менің елден басқа қайғым жоқ.

* Билік айтсаң – түзу кес, адалын айт.

* Бұл елдің күн көргені – өтірік ант,

   Қазаққа алдау деген болды ғой салт.

* Тиянақ көрме жалғанды.

* Құр білген керек  емес – білгенді іс қылған керек.

* Қазақтың жаманы болмас,

Жаманнан аманы болмас.

Бірігіп іс қылатұғын,

Түзелер заманы болмас.

 

* Көңіл де өледі.

* Қайғылы көңіл қашан да қабағын ашпас салбырап.

* Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ,

Білім білген әр істе шебер болмақ.

Қол өнерден пайда қыл үйреніп ап –

Кетпес дәулет осы ғой әмбеге хақ.

 

* Сенімсіз – иман жоқ.

* Жалқаулық, көрсеқызар, ашу, мақтан,

Арамдық, өтіріктен – ерте сақтан.

Күні бұрын жуытпа маңайыңа,

Есер, есірік, ынжықтық – солар жақтан.

 

* Күш, білім, шеберлік істеген істен танылады.

* Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын –

   Еш діннің мақсаты жоқ мұнан асқан.

* Ешбір дін дұшпан бол демейді.

* Ұждан – екі өмірдің азығы.

* Дін тазасын ой табар.

* Доссыз өмір – шоғы жоқ қара көмір.

* Гоголь мен Пушкиндерден ғибрат алса,

  Қазақтың бөлер еді-ау нұрға бойын.

* Тіл – бұлбұл, сөз – бұлақ.

* Бұзыққа – қызықпа.

* Өткен бақ – өкініш.

* Қиянат қылма адамға – таза еңбек істе заманға.

* Бақ келсе- аспа, сор келсе – саспа.

* Өткен күнді жоқтама.

* Әр іске ақыл сыншы.

* Жаратылыстың негізі – қозғалыс.

* Рух – таза ақыл.

* Мейірім, ынсап, әділет,

   Шыдам, шыншыл, харакет,

   Түп қазығы – ақ ниет.

* Жүрегіңді нұрмен жу.

* Анық құдай – шын құдай.

* Бұрынғы – шын бар, бүгінгі – шын бар, ертеңгі – шын бар.

* Анық ғашық – әулие.

* Атағы шыққан жақсыға,

   Ақылды байлап қылма құл.

* Дүниедегі қуаныш – бір азғантай жұбаныш.

* Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң – шын бақыт осы.

* Ел бастар жастар жай жатпауы керек.

* Қазақтың жайнар даласы,

Жетілер оқып баласы.

Шошытатын мені сол –

Олардың күндес, таласы.

 

* Наданның көзі – соқыр, көңілі – қар.

* Заманыма байлаулы менің басым.

* Өтіріктің тілін тия алмаған адам – адамдықтың ындынын тия алмайды.

* Мен зияны тиер деп күдіктенген кісіме жылы жүзбен қараймын: мұным – пішініммен айтқан өтірік.

* Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қыламын: сөйтіп жүріп адам атануға ұялмаймын.

* Адамдар мал-мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жан тапсырады.

* Сақ адам – сандығын бекітеді.

* Бастағы көз – жұмылады, көңіл көзі – жұмылмайды.

* Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл.

* Ешкімге ерік қақпасы ашылған емес.

* Қызыл гүлге қызығып сайраған бұлбұл – гүл соларын білгенде зарламай қайтсін?

* Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді – әулие деген сол болса керек.

* Егер ақылым да, жаным да менімен бірге жолығатын болса – онда мен жанып-өшкен от қанамын: дүниені өртесем де, мені ешкім жазалай алмайды.

* Дүниеге қызығатын көзімді топырақ баспай тұрып, бейнеттен құтыла алмаймын: осынша тәтті көретін өмірден гөрі татпай тұрып ащы дегенг өлім жақсы болса креек.

* Тәтті сөз тауып айта алмайтын ақын, сен мені неге күндейсің? Мені – сен, сені – мен жаратқаным жоқ қой.

* Ақынның дуанасы – мақтаншақтың басын он тиынға алмайды.

* Адам баласы зиянкес боландықтан ғана талай зиянды іс істеледі.

* Адам топ әскерді алдап өлімге апара алса да, өз бойындағы зұлымдықтан арылуға шамасы жетпейді.

* Жоқтық егіндігіне бір бидай еге алмасаң, бүкіл қырманнан бір арпа ала алмассың.

* Молдалар: «Жан денеден шыққанда қатты қайғырады» дейді. Өтірік айтадыв. Неге десеңіз: жан ақылмен бірге шығатын болса, дене тұтқыннан құтылғанына қуанса керек. Егер ақыл жоғалатын болса, қайғыруды білмесе керек.

* Дүниенің қайғысы ақ жауындай үзілмей жауса, қуаныш анда-санда найзағайдай жарқ етеді де өшеді – бұл неліктен? Бұл – адам баласының қиянаты көптігінен, мейірімнің аздығынан.

* Зор дұшпаннан қандай сақтансаң – ұсақ жаудан сондай сақтан.

* Арыстан көрнеу келеді. Қарақұрт пен шаян жасырынып шағады: уыты аса зиянды.

* Осы өмірден  басқа өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?

* Мен жастықта балалыққа қызықтым, одан бозбалалықты бақ деп білдім. Одан әрі адамшылық атты баққа қызметкер болдым. Ақырында баққа құл болдым. Себебі, жасаған сайын алдыңғы бұзылып, артқы бақ түзу сықылданды. Тенді ойласам: өлмегім хақ.  Жә сол бақтарымның ең жарамдысын ұстап қана өлгеннен басқа не бар деп ойлаждым. Байқасам: жас бала күнімдегі бағымның артығы жоқ. Себеб – қайғы да жоқ, ар-иманнан тайғызатын ісі де жоқ.

* Шын бақ – ата-ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегінде.

* Мақтан үшін айтылған, жазылған сөздің құны болмайды.

* Барлық ғылым қиялдан, ойлаудан туған.

* Адамның бұл дүниеде, бұл табиғатта жоқ нәрсені ойлануының өзі мүмкін емес, болуға мүмкін істі ғана ойлай алады. Бұл – бір. Екінші – сол қиял, болмайтын нәрсе деп отырғанымыз ұлғайтылып, өзгертіліп, ауыстырылып айтылған болашақ болуы мүмкін.

* Қиялдың да шегі бар.

* Өмір – тіршіліктің таласы.

* Біреулер адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулерн үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі дейді. Ал енді біреулер оқу-біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деп ойлайды. Тағы біреулер бай-кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулер тәрбиемен түзеуге болады дейді. Біздіңше, бұларды жекелей алғанда, ешқайсы да адам өмірін түзей алмайды.

* Адам өмірін түзеу, барлық адамдар тату тұру үшін негізгі керек – адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл.

* Оқу-білім үйренген адам өнерлі келетіні рас. Бірақ оны қандай іске, қай мақсатқа жұмсамақ? Үйренген ғылымымен түрлі қару жасап, улы газдар тауып, басқа адамдарға аң есебінде оқ атып, әлсізді құл етіп, жердің бетін адам қанына бөктірушілер де бар ғой! Ең өнерлі, білімдіге саналатын Америка, Англия елдеріне қараңыз.

* Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру – кедейді еріншектікке, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол.

* Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық пен адалдық ақ жүректен шығады.

* Арлы, ақылды адам қиянат, зорлық жасамайды, өзімшілдік пен мақтанды сүймейді.

* Нәпсі, өзімшілдік пен мақатн шексіз көп жаман әдеттер туғызады.

* Әкімшілік басында арлы, ақылды адамдар отыруы керек.

* Көп талқысы – аққан сел.

* Білім беру саласында «ар білімі» деген білім оқытылуға тиіс деп ойлаймын.

* Бет сұлулығы – тән сыйы емес пе, дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы ғой. Әрине, тән сыйынан жан сыйы артық екенінде дау жоқ. Бірақ бет сұлулығын әркім-ақ таниды, ал сөз бен ән сұлулығын танушы аз.

* Жүсіп: Ләйлінің анық нұрын көрем десеңіз, менің көзіммен қарап, менің жүрегіммен сезінгейсіз.

* Адамда екі түрлі мақсат боглады: бірі – тән мақсаты, екіншісі – жан мақсаты.

* Басына ауыр қайғы түскен кісі адамның ең сорлысы өзі деп ойлайды.

* Адамның ең артығы – ерінбейтін, еңбекшіл, шыдамдысы.

* Тырнақтап жиған арам ақшаға тырнағыңды былғау да арам.

* Әйелдің құдай қосқан қосағынан жақыны болмайды.

* Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман.

* Арды ғылым түзейді.

* Адам еркін байлауды ар сүймейді.

* Тату тұрған адамға дүние кең.

* Адамның адал ұлы болам десең – алдымен нәпсіңді тый.

* Заманды себеп билейді.

* Бірлік пен талап бар жерде – еңбек те өнеді.

* Адамның санасын ар түзейді.

* Ақ жүрек пен адал еңбек шешпейтін әлемнің таласы жоқ.

* Адамды – нәпсінің таласы бұзады.

* Бақыт – махаббатпен бірлесіп еңбек қылғандар жағында.

* Адал еңбек еткен ел-жұрттың – көңілі шат.

* Жылылық, жарық, нұрын беріп,

Сездірген атам – Күн шебер.

Балына қосып уын беріп,

Өмірген анам – Қара жер.

 

* Анық азат адам болмайды.

* Заманды жаралыс билейді.

* Өмірді – өлім тұсайды.

* Адамның бәрі – өз халқың.

* Өзімшіл болма – көпті ардақта.

* Жас өмір – өткен той.

* Өлсең – үніңді шығармай өл.

* Мына заман қай заман,

Қаскүнемге жай заман.

Араздық пен өсекке,

Өлшеуі жоқ бай заман.

 

* Өмір – ұйқы.

* Әркім өзінің еккенін орады.

* Шымылдық артын шын иесі біледі.

* Әр мезгілдің өзіне лайықты ісі болады.

* Назасы нақақ жастың қате кетпес.

* Ғашық болып іздеген бес нәрсем бар: олар – махаббат, әділет пен таза жүрек, бостандық, терең ғылым.

* Сынған көңілді жамаған сынықшының құлымын.

* Өмір тоқтамас – адамзат жаңарар.

Н. Үсенова