Қазыбек бидің дау шешуі

Қазыбек бидің дау шешуі
Фото: panoramio.com

Қаз дауысты Қазыбек бидің (Қазыбек Келдібекұлы) дау шешуі туралы небір аңыз әңгімелер көп. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Алғашқы әңгімеде бала Қазыбектің ат дауын шешуі туралы айтылса, келесі мысал "Орал таудың ор түлкісі" деп аталады.

Қазыбектің ат дауын шешуі 

Бір үлкен ас болып, сол аста бәйгіге шапқан қаншама аттың алдынан бір қара жал құла жеке-дара озып келіпті. Асқа жиналған топтың ішінен бір адам:
— Мынау менің тай күнінде жоғалтқан атым,— деп аттың шылбырына жармасады. Атты қосып отырған иесі:
— Жоқ бұл мүлдем жала, өзімнің кер биемнен туған қол тума малым,— дейді. Көпшілік екі жағына да «сенікі жөн» деп айта алмай, содан барып Қазыбектің туған әкесі Келдібек биге жүгініске келеді. Бірақ екі даугердің сөзін тыңдаған Келдібек «ат сенікі» деп кесіп айта алмай, дағдарып отырып қалады.

Екі даугердің айтқан дәлеліне құлақ түре жүріп, оған билік айта алмай дағдарған әкесін байқап, жеті жасар Қазыбек:
— Сен қалай танығыш болып алдың? — деп даугерлердің біріне сұрақ қояды.
— Мен енесін көрсем, одан туған төлін, төлін көрсем енесін жаза баспай танимын,— деп жауап береді, атын тай күнінде жоғалтқан адам. Сонда Казыбек атты бәйгіге қосқан адамға:
— Кәні, сіз қалай мал танығышсыз? — дейді.
— Мен, енесін бір көрсем, ішіндегі құлынын туғаннан кейін сол биеден туғанын бұлжытпай танимын,— дейді. Сонда Қазыбек тұрып:
— Жарайды. Енді екеуің бар да, анау жүрген қозыдан екі қозы ұстап әкеліңдер,— дейді. Олар барып алып келгенде:
—  Қозыны көгендеп қойыңыздар да, өрістегі қойдан өзді-өзің әкелген қозының енесін алып келіңдер,— дейді.

Екі даугер өрістегі қойдан екі саулықты алып келіп қозыларды бауырына салғанда, ат қосқан адам әкелген саулық қозыдан жериді, қозы да жатсынып саулыққа жуымайды. Ал тай күнінде жоғалттым деген адам саулыққа қозысын салғанда енесі еміреніп тұра қалады. Қозы бауырына кіріп еме береді.

Қазыбек көпшілікке қарап:
— Кәне, халайық, бұған сіздер не айтасыздар? — дегенде, көпшілік бір ауыздан «ат тай күнінде жоғалтқан адамдікі» екен деседі.

Орал таудың ор түлкісі

Қаздауысты Қазыбектің баласы Бекболат он сегіз ағайынды екен. Соның кенже інісі жорықта жүргенде, Абылайдың бір үйір жылқысын абайсызда қолына түсіріп, алып кетіпті. Соны Абылай біліпті. «Мені басынғаны ғой»,— деп намыстана аттанып, Бекболаттың ауылына келіп түсіпті.

Бекболат Абылайдың алдында жорғалап: «...Тоғыз айыппен жолыңызды алып кешіңіз, байқаусызда балалық-пен болған ғой»,— дейді.
Ханның қасындағы Бекболатпен бақ күндес кісілер: «Бұл сізге қыр көрсеткені деп біліңіз, мұны басуыңыз керек»,— деп шағыстырып отырған соң: мен малға уана алмаймын, тентек ініңді өлтірмей ашуды баса алмаймын,— дейді Абылай.

«Өз інімді өлтіруге мен де ұстап бере алмаймын»,— дейді Бекболат.

Абылай үндемей кетіп қалады. Қайтадан үш жүз кісімен келіп Бекболаттың інісін ұстап алып, мойнына арқан тақтырып ала жөнеледі. Сол күні түстікке бір көгал жерге келіп қонған соң, Абылай: «Соңымыздан ешкім келмес пе екен, қарап тұрыңдар»,— дейді. Абылай әлден уақытта: «Бір қарайған көрінеді»,— деген соң: «Ол Бекболат болар, келген соң түс деп атын ұстаңдар» дейді. Айтқанындай Бекболат екен.

Түспей атының басын теріс қаратып тұрып:
—- Ай, Абылай, мұнан бұрын жолдасқа мен қандай едім, қасындағылар қандай еді? — дейді.
—    Сен бір төбе, бұлар бір төбе еді,— дейді Абылай.
Сонда Бекболат келген жағына шауып кетіп, әлден уақытта қайта шауып келіп, әлгідей теріс қарап тұрып:
—    Орал таудың ор түлкісі,
Айнала қуса ит жетпес.
Орал таудың ақ иығы,
Ақ иық келсе, тек кетпес,
Сондадағы мерт етпес! —
деп байлаулы тұрған інісін шешіп алып жөнеле беріпті, хан қарсылық жасатпапты. Бекболат кеткен соң, қасындағылардың түсіне алмай таңырқап отырғанын біліп, Абылай:
—    Мына мен «Бекболат, сен бір төбе, басқалар бір төбе еді» дегенге намыстанғандай болдыңдар-ау, Бекболаттың келіп кетуінен не сезіп отырсыңдар? Жаңа ол не айтып кетті? — депті қасындағы билеріне.
—    Сол арасын аңғара алмай отырмыз! — деген соң, Абылай:
—    Білмесеңдер, енді онымен таласып өкпелемеңдер,— деп Бекболаттың сөзін былай түсіндіріпті.—«Орал таудың түлкісі» деп ол өзін айтты. «Айнала қуса ит жетпес» деп сендерді айтты, «Орал таудың ақ иығы» деп мені айтты. «Ақ иық келсе тек кетпес» деп келіп қалған соң, ашумен інімді алған шығарсын» дегені. «Сондадағы мерт етпес» дегені ханнан халық күшті, халықтан биліксіз, хан да болсаң ақылыңа салып, інімді жібер, жәбірің болса, айып алып бітерсің дегені» депті.

Айтқанындай артынан Бекболат тоғыз айыбын жіберіпті. «Кеп қорқытады, терең батырады» деген сол. Абылай сықылды аузы алты қарыс хан да қалың қазақтан қаймығып қайтып кетіпті.

Н. Айдархан