Қаныш Сәтбаевтың ғылым-білім туралы айтқан ой орамдары

Қаныш Сәтбаевтың ғылым-білім туралы айтқан ой орамдары
Фото: munara.kz

Академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаев – қазақ халқы мен Қазақстан тарихындағы зор құбылыс. Ол аса көрнекті ғалым – геолог ғана емес, өз заманының әйгілі табиғат зерттеушісі, жер қойнауының жыршысы, әлемдік өреге көтерілген ойшыл тұлғасы. Бүгін назарларыңызға ғалымның ғылым-білім туралы айтқан ой орамдарын ұсынамыз.

***

Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірбиелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады.

***

Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғана оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтеріледі. 

***

Ғалымға азық берер қайнар көзі кітап бетімен, лаборатория аумағымен ғана шектелмейді, өмірді танумен, еңбек адамының жасампаз ісін танумен кең өрісін табады.

***

Еңбек етпесең, жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішін аршып, асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет.

***

...біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр! Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді.

***

Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер.

***

Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес.

Ө. Сансызбай