«Үркер» сөзінің шығу төркіні

«Үркер» сөзінің шығу төркіні
Фото: youtube.com

Қазақ халқы шаруашылық жағдайы түнде көп жүруді қажет етті. Түннің қаншасы өткенін, таңның қашан атуын білу үшін, жер тараптарын айыру үшін малшылар жұлдыздар жүйесін бақылаған. Әлем бейнесінің шеңберінде аспан денелері атауларының берер ұлттық дүниетанымдық ақпараты мол. Мысалы, Үркер туралы этимология қалай қалыптасқан екен?

Үркер. Қазақ дүниетанымындағы танымал шоқжұлдыздың бірі. Оны біреулер алты  жұлдыз, біреулер жеті жұлдыз деп атаған. Үркер көне түркілік атау болғандықтан, оның шығу төркініне халықтың дүниетанымындағы аңыздар негіз болған деседі. Яғни Жетіқарақшы мен Үркер жұлдызы жайында кездесетін аңыздардың бірінде Жетіқарақшы Үркердің қызын алып қашады. Содан үркіп қашқандықтан жұлдыздар тобы Үркер атанған екен. Жетіқарақшының жанында тығыла орналасқан бір жұлдыз бар. Ол Үркердің Жетіқарақшы алып қашқан қызы деседі.

Түрколог С.Е. Малов бұл жұлдыздың этимологиясын төмендегіше түсіндіреді. Үркердің түркіше ескі нұсқасы «үгір», «үкір», шоғыр», «үйір» сөздері болуы тиіс. Себебі, Үркер «Торпақ» шоқжұлдызының құрамындағы жыпырлап, бір-біріне жақын орналасқан бір топ жұлдыз шоғыры. Яғни Үркердің ежелгі нұсқасы «бір үйір мал» деп түсіндіреді.

Үркердің өзіне тән ерекшілігі бар, ол көкке көтерілсе күн суытады, ал төмендесе күн жылына бастайды. Осы ерекшелігіне орай халықтың этномәдени дүниетанымында үркерлі айдың бәрі қыс деген түсінік қалыптасқан.

Қазақ есепшілері Үркер жұлдызының қозғалысына зер сала отырып, табиғаттағы өзгерістерге бақылау жасаған. Содан тілімізде осыған байланысты көптеген тіркестер сақталып қалған. Мысалы, үркер туса таң ұзарады, үркер құрғақ жерге түссе, аңызақ жел көп болып, қуаңшылық болады, үркер тасқа түссе, шіліңгір ыстық болады, үркер көтерілсе, бидай бас тартады, үркер жерге түспей, жер қызбайды, үркер жерге түсерде қой қырқылады, үркер туса, сорпа қоюланады, қой семіреді, үркер көтерілсе, қошқар басын көтереді, үркер батқанда таутеке тастан ұшады деген сияқты ұғым-түсініктер ертедегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен когнитивтік санасындағы этномәдени дүниетанымынан мол ақпарат береді.

Г. Берік