Өз мініңді көруден басқаның мінін көру оңай

Өз мініңді көруден басқаның мінін көру оңай
Фото: amur.kz

Ол – қазақ әдебиетіндегі аналар образын толтырған жазушы. Ол "Қазақ солдатының" болмысын жазды. Ол – Ғабит Мүсірепов. Назарларыңызға Ғабит Мүсірепов туындыларынан алынған даналыққа толы нақыл сөздер ұсынамыз.

Адам – қуаныш үстінде қайғырып, қайғы үстінде қуана алмайды. 

Адамның ойы да көркем, бойы да көркем. 

Ақыл сөз – атқан оқтай жай кетпейді,
Жаманға оқ өтсе де, сөз өтпейді. 

Ақыл-ой, сана-сезім шырмаусыз, оралғысыз өсетін заманның жас ұландары ең алдымен қорлы, мол білім алуға тырысулары керек. 

Балғын шақтың өз сұлулығы бар, өз қызуы, ұшқырлығы бар.

Бүгінгі жастарды ең болмаса қазақ халқының «тура биде туған жоқ» деген даналығының рухында тәрбиелейік.

Бүкіл азаматтың келешегі – жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты. 

Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой – ұлы, ойландыра алған сұлулық – ұлы.

Жаман тіл – мәдениетсіздіктің белгісі, елмен байланыс үзілуі.

Жаманның аузына жұртта қалған сөз түседі.

Жастың бойынан парықсыз паңдық емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы. 

Көркем сөздің сұлулығы – сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын.

Қорқақтық, ездік, аяншақтық, көнбістік – құлдықтың ең жаман түрі.

Өз мініңді көруден басқаның мінін көру оңай.

Сөзді қалай болса солай пайдалана берсең, сөздің жүзі мұқалып, ұшы майрылады да, айтайын дегенің құлаққа қонбайды.

Халық тілінің байлығын игеру зор талғам, парасатты тілейтін жұмыс.

Шыдай білуге де күш керек. 

Г. Берік