Бата-тілектер

Бата-тілектер
Фото: yvision.kz

Балаға бата

Берейін бата, балаға,

Жақсылық жерде жата ма?

Үлкендерден бата алсаң,

Жамандық саған бата мА?

Берейін бата, шырағым,

Бақытты болсын тұрағың.

Кие боп бата дарысын!

Илаһи, енді, шырағым.

Өнерің судай тасысын!

Арманың қыран қалқысын!

Бақ-береке ұяласын,

Пәле-жаланы жуытпай қуаласын.

Жаңаласын, жалғасын,

Шұғылалы шуақ күн кешсін,

Басын сұр бұлт шалмасын.

Қос топшысы талмасын,

Қырандай биік самғасын.

Ары адал, жаны жаз,

Құрбысынан қалмасын.

* * *

Ақ тілектен ақтарып,

Ақ батамды берейін.

Ақ атамның ақ сөзін,

Ақ мерей ғып төгейін.

Ақ апаңның ақ сүтін,

Ақ арыңмен ақтай бер.

Ақ пейілді қазақтың,

Ар-намысын сақтай көр.

Ақ бесігін тербетіп,

Ақ ұл етіп өсірсін.

Ақ тілек дарып өзіңе,

Пәледен тәңір кешірсін.

Ақ пайғамбар қолдасын,

Ақ періште оңдасын.

Ақ жол жатсын алдында,

Ақ семсер алғызсын қолыңа.

Ақ сөйлетсін досыңды,

Ақылды етсін өзінді,

Көреген етсін көзіңді,

Шешен етсін сөзіңді.

Ел бастайтын ер етсін,

Әуелі таза сері етсін,

Мұратыңа жеткізсін.

Басыңа келген пәлені,

Жаратқан алыс кеткізсін.

Нұрға бөлеп жүректі,

Бөбекке бата етейік.

Ағынан айтып тілекті,

Қуантып тастап кетейік.

* * *

Сәбиіміз сүйкімді болсын,

Өнер мен білімге икемді болсын.

Бәйтеректей қаулап өсіп,

Өршіл де өркенді болсын.

Жақсы жолды таңдасын,

Жамандық тәлім алмасын!

Айналайын, балашым,

Аман болсын анашың.

Аман болсын әкең де,

Ағатайың, апаң да.

Өзің тәтті балдай бол,

Тамыры терең талдай бол.

Биік заңғар таудай бол,

Жемісі мол баудай бол.

Өмір жолын таңдай біл,

Туралықты қолдай біл.

* * *

Оқуда зерек бол,

Ұйқыда сергек бол.

Істе шебер бол,

Тұйықта көсем бол.

Ойда мәнді бол,

Тойда сәнді бол.

Үлкенге тең бол,

Кішіге кең бол.

Ел үшін жауыр бол.

Достарың сүйсінсін,

Дұшпандарың күйінсін.

Құлқынға елікпе,

Мақтанға желікпе.

Өмірің ұзын болсын,

Уайымың аз болсын.

Жалғасы бар

@. @assel_assanova