Сөздер сөйлейді. "Сағыну"

Сөздер сөйлейді. "Сағыну"
Фото: c2.staticflickr.com

ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.

Сағыну. Бұхар жырау Абылай ханға:
Басына мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба, –
деп ақыл айтады. Мұндағы сағыну сөзі «біреуді көруге аңсау» мағынасындағы сағыну сөзімен бір емес. Бұл жерде сағыну сөзінің түбірі – сақ-. Көне түркі тілдерінде сақ- етістігі «ойлау, толғану, түю» дегенді, ал осы түбірден жасалған сақын- етістігінің бір мағынасы «ойлау, есептеу» болған. Бұл тұлғаның «ойлау, ойлану, ниеттену» мағынасы ертеректегі қазақ тілінде де жұмсалғанын жоғарыдағы Бұхар толғауы танытады. Жаулық сағыну тіркесі осы күнгі тілімізше айтсақ, жаулық ойлау дегенді білдіреді.

Сақын- етістігінің мағынасы – «сақтану». Көне, орта ғасырлардағы түркі тілдерінде «сақтану, қорғану» мағынасында қолданылған сақын- тұлғасы ертеректегі қазақ тілінде де орын алған. Оған Шалкиізде кездесетін:

Алп, алп, ал сақын,
Аңдып жүрген дұшпаннан жүз сақын.
Күле кіріп, күңіреніп,
Шыққан достан мың сақын, –
деген жолдар мысал бола алады. Махамбет ақынның:

Мен тауда ойнаған қарт марал
Табаным тасқа тиер деп,
Сақсынып шыққан қияға, –
деген жолдарындағы сақсыну сөзінің түбірі де сақын- болуы мүмкін. «Қорғану, сақтану» мәніндегі сақыну тұлғасы «күні кешегі» Махамбет заманындағы қазақ тілінде қолданыстан шығып қалып, ұмыт бола бастағандықтан, сақсыну деп өзгеріп айтылуы әбден ықтимал.

Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.

Е. Жұмабайұлы