Тіл – тамыр

Тіл – тамыр

Ақылдың ақыны Қадыр Мырза Әли "Дүниедегі ең жұмбақ жаратылыс – адам" десе де, біз құпиясы мен қасиетін қажет деңгейде ұғына алмай жүрген тағы бір құбылыс бар. Ол – тіл. 

Табиғи тіл өз мәнінде халықтың материалдық және рухани мәдениетінің көрінісі мен жүзеге асырылуының ұлттық қалыбы. ХІХ ғасырдағы ұлы неміс ғалымы Вильгельм фон Гумбольдттың (1767-1835) «Тіл және мәдениет пәлсапасы» кітабында тілді «халық рухының» көрінісі ретінде сипаттайды, тіл арқылы халық өз рухын ұрпақтарына табыстайды. Тіл – «әлем сүретін тілдік емес ғұмырды» таныстырудың ұлттық тәсілі. Америкалық ғалымдар Э.Сепир мен Б.Уорфтың жұмыстарында тіл қандай да бір халықтың ойын танытатыны, әр тілдің ақиқатты өзіне тән тәсілмен жеткізетіні, демек өзіндік «әлемді тілдік суретімен» айрықшалайтыны жөнінде жазылған.

Тіл – кез келген этностың ойлау қалыбын және дүниетанымын дамытудың негізі. Тіл – этностың ең қажетті қатынас құралы. Тіл тек этнос бар жерде  және оның тікелей ықпал етуімен дамып отырады. Этнос мүшелерінің болашақ үшін қоғамдық, мәдени-әлеуметтік, экономикалық т.б. күресі, сан ғасырлық тарихы, рухани жаңғыруы ұрпақтан-ұрпаққа сол этностың тілінде сақталуы арқылы жетеді. Ана тілінің өміршеңдік қызметінің қуаты мен құдіреті негізінде жаңа ұрпақ этностың көне тарихы мәдениетін дұрыс танып білуге бастау алады.

Тілдің болмысын шынайы тану үшін тілдің өзіндік заңдылықтарын білу жеткіліксіз, оның түпкі тамыры саналатын сол тілде сөйлеуші этностың ғасырлар бойғы тарихымен, тұрмыс-салтымен, мәдениетімен, дәстүрлі ділімен (менталитет) тікелей байланысты екені сөзсіз. Қоғамның қай сатысында болсын, тіл мен ой бірлігінің егіз дамып, өзара байланысып, этностық болмысты айқындап, көрініс табуы заңды құбылыс.

Ұлттық дүниетаным қайталанбайтын құбылыс. Кез келген этностың сол қайталанбас дүниетанымы мен этномәдени тұрмысын ұлттық тілдің негізінде түсінуге болады. Ол сол ұлттың бүкіл бітім-болмысымен, қоршаған ортасымен, ділімен, шаруашылық жүйесімен, тіпті, тұрақты мекенінің табиғат құбылыстарымен тығыз байланысты.  Әр этностық мәдениетте дүние, қоршаған ортаға деген сан қилы көзқарас, түсінік қалыптасады. Себебі әр мәдениет заманына, діліне, моральдік нормаларына қарай адамға, өмір-өлімге, адамның іс-әрекетіне, сезімге және тағы басқа әр халықтың басында бар негізгі құндылықтарға байланысты өзінің көзқарас жүйесін қалыптастырады. Міне, осы көзқарастың көрінетін, таралатын, сақталатын құралы – тіл.

Ендеше, құдіретті тілді дәріптеу – әркімнің ұрпақ алдындағы парызы.

А. Оралқызы