Қазақтың байырғы дау шешу дәстүрі

Қазақтың байырғы дау шешу дәстүрі
Фото: info-tses.kz

Дау – қазақы ортада руаралық немесе тайпааралық егестерді және осының өршіген түрі – сан алуан тартыстарды білдіретін ұғым. Сондай-ақ, дауға ерекше өршіп ру-қауым деңгейіне жеткен тұлғааралық дау-дамай да жатқызылады. «Жеті жарғы» заңдар жинағында көрсетілгендей дауды шешу билер мен ақсақалдарға жүктелген.

Ертеде қазақы ортада даугерлер ел арасындағы құрметті, қадірменді ақсақалдарға жүгініп, дауларын халықтың жөн-жоралғысымен қарап, билік айтуын сұраған. Олардың билігіне разы болмаса, онда даудың әділ шешімін табу үшін халықтың әдет-ғұрыптық заңдарын жақсы білетін, елге танымал биге барып шағымданған.

Қазақтың тұрмысында, әлеуметтік өмірінде үлкен дау-жанжал көбінесе жерге, жесірге, малға, құнға қатысты болған. Жер дауы – жайылымдық және шабындық жерлерге қатысты руаралық немесе жеке адамдар арасындағы дау. Жесір дауы – отбасылық-некелік салттың бұзылуына қатысты дау. Қүн дауы – кісі өліміне байланысты, мал дауы – дүние-мүлікке қатысты дау. Дауласушылардың, куәгерлердің қатысуымен өтетін дәстүрлі билер жиынында, негізінен, байырғы ортаның дay мұраты – бітім қағидасы бойынша, екі тарапты татуластыру, бәтуалы бітімге шақыру мақсаты көзделген, яғни қазақ қоғамындағы құқықтық мәдениеттің негізгі принципі басшылыққа алынған. Онда дауласушы жақтардың сөз ұстаған билері шығып, қамшы тастап, өздерінің дәлелдерін дәйекті түрде жеткізіп отырған. Дауда шешендік, тапқырлық, қарсы жақтың осал жақтарын дәл басатын біліктілік керек. Дауға төбе би төрелік айтады. Төбе бидің шешіміне даугерлер де тоқтауға тиіс.

Ертеректе шешімі қиын даумен би алдына жүгініске барған кісілер ақ және қара қылдан ескен жіп ала барған. Егер дауласқан екі жақ та би шешіміне тоқтаса, билік айтушы айттым – бітті, кестім – үзілді деп, даудың шешілгенін білдіреді де, жіпті қақ ортасынан қияды. Бұл – билік айтқан адамның «аң» пен «караны» ажыратып, қара қылды қақ жарған әділдігін білдіретін семиотикалық таңба. Кейбір деректерге қарағанда, жіпті қарала киінген кемпір кесетін болған. Қазақтар жайлы көптеген маңызды дерек қалдырған А.Янушкевич (1803- 1857) осындай оқиғаның тікелей куәсі болғандығын баяндайды: «Екі қазақ бірдеңеге таласып, әділ төрелігін естуге биге келіп жүгінеді. Ол билік айтқан кезде дауласқандар жіптің екі басын ұстап биге береді. Даудың шешілгендігінің белгісі ретінде ол жіпті екіге бөледі». Бұл ғұрыптың орындалуы – даудың аяқталуын, қарсы жақтардың мәмілеге келуін, қазылыққа ризалығын аңғартады. Егер «ала жіп» кесілмей тарқаса, даугерлер билікке риза болмағанын, жанжалдың шешімі кейінге қалдырылғандығын білдіреді. Билік айтқаны үшін кесілген айыптың (малға есептеп) оннан бірін билерге береді.

Даулы мәселелер өш алу, есе қайтару мақсатымен емес, гуманистік құндылықтар аясында ел тыныштығын, ағайын татулығын сақтау тұрғысынан қаралған. Дау дұрыс шешімін тапқан жағдайда, айыпкер жасаған қылмысының көлеміне қарай ат-тон айыбын төлеп құтылған.

Қазақы ортада руаралық немесе тайпааралық арасындағы талас-тартысты ту ыстық-рулық қатынастардың шежірелік жосынмен негізделген іргелі принциптері мен нормалары арқылы шешіп отырды. Мұндайда Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш деген мақалға негізделген принципке жүгінген.

Дереккөз: namys.kz

Ө. Сансызбай