Тәуелсіздік, тарихнама және әйел (жалғасы)

Тәуелсіздік, тарихнама және әйел (жалғасы)
Фото: vk.com

БАСЫ

Желтоқсан оқиғасы және әйелдер

Қазақ жастары бастаған Желтоқсан оқиғасы КСРО-дағы тоталитарлық жүйеге, жалғанкоммунистік және жалғанинтернационалдық идеологияға қарсы шыққан күрестің бастауы болды. Бұл тұрғыдан қарар болсақ төңкерістік сипаты да бар. Бұл оқиғаға қатысқан әйелдердің тарихнамамызда алар орны төмен. Жалпы «Желтоқсан оқиғасы» саяси тұрғыдан да, тарихнамалық тұрғыдан да өз бағасын ала алмады. Десек те қоғамымызда «Желтоқсан оқиғасы» деген кезде қыздардың ерлігі ескерусіз қалуда. Жәй ғана мысал ретінде Желтоқсан құрбандарының тізіміне қарау да жетіп жатыр. Тізім еркек-әйел болып бөлінген және әйелдердің тізімі еркектерден кейін орын алуда. Осынау өте қарапайым мысал Желтоқсан және тәуелсіздікке байланысты түсінігіміздегі әйел қаһармандарымызға берген орнымызды көрсетуде (мұның орнына алфавиттік тізім жасар болсақ әлдеқайда әділетті болған болар едік). Бұдан басқа әйел құрбандардың ешбірінің «Халық қаһарманы» атағына ие бола алмауы да көзге батуда. Желтоқсан оқиғасын қола алған зерттеулерге қарар болсақ көбіне еркек қаһармандар алғы планда я болмаса әйелдерді құтқарушы сынды актив рөлдегі адамдар ретінде сипатталуда. Осылайша Желтоқсан оқиғасына қатысқан әйелдер, тарихнамадан еркектер тарапынан құтқарылған деген пассив орынға қарай ығыстырылуда. Әйел қаһармандарға байланысты бір ғана тыңғылықты еңбек бар: «Желтоқсан қарлығаштары». Авторы – Болатбек Төлепберген. Десек те бұл жерде де қарлығаш метафорасы қолданысқа еніп, Желтоқсан оқиғасына қатысқан әйелдер орынсыз романтизацияның нысанына айналуда. 

Желтоқсан оқиғасына тек қана еркектер қатысқан жоқ!

Иә, Желтоқсан оқиғасын, тәуелсіздікке ұмтылған күресіміздің шығар шыңы деп бағалар болсақ, бұл шыңды тек еркектер қалыптастырған жоқ.

Ләззат Асанованың, Сабира Мұхамеджанованың және Кенжегүл Молданазарованың өлімдері, сонымен қатар жиырма шақты әйелдің сотталуы біздерге көп нәрсені айтуы тиіс. Өкінішке орай қоғамымыз жылдар өткен сайын өте консервативті көзқарастардың агорасына айналып келеді.

Медиада, кинода, әдебиетте, оқулықтарда, тіпті осы елдің азаматы болып табылатын әрбірімізге өкілдік етуі тиіс парламентімізде әйелдердің орны, әйелдердің мәселесі өте қарабайыр тілмен және оймен айқындалуда. Жоғарыда айтылған әрбір институт «әйел=тоқал» деген формуланың маңайынан шыға алмауда.

...Қоғамымыздағы әйелдердің мәселелерінің ушығып отыруының ең басты себебі әйелдердің экономикалық теңсіздігі, тіпті экономикалық тұрғыдан еркектерге тәуелді болулары. Жұмыссыздық, жұмыс тапқан күндерінің өзінде ерлерге қарағанда аз жалақыға «разы» болуға мәжбүр болулары... Көріп отырғанымыздай азаматтардың жеке таңдауларымен емес, қоғаммен тікелей қатысы бар көптеген байсалды мәселелер бар.

Иә, тәуелсіздік үшін күрес тек қана еркектер тарапынан іске асқан жоқ. Әйелдер белсенді түрде бұл күреске араласты.

1990-жылдардың басында көптеген еркектер рухани күйзеліске түсіп, арақтың соңынан кеткенде алыпсатарлық деп аталатын «кіші кәсіпкерліктерімен» елдің экономикасын қорғап қалғандардың алдыңғы қатарында әйелдер орын алды. Бәрінен бұрын мемлекет құру белгілі бір датамен бола салатын нәрсе емес – бітпейтін үрдіс. Еліміздегі әйелдер білімде, ғылымда, экономикада, мәдениетте, саясатта, өнерде және қоғамдық өмірде көптеген патриархал бөгеттерге қарамастан еңбек етіп, қоғамдық және мемлекеттік дамуымызға орасан зор үлес қосуда. Олай болса бұл тұрғыдан әйелдерден үлгі алу және әділетті болу біз еркектерге үлкен парыз.

Молдияр Ергебеков, Өнертану докторы

А. Оралқызы