Тәуелсіздікке 25 жыл: "Аманат" (шығарма)

Тәуелсіздікке 25 жыл: "Аманат" (шығарма)
Фото: stan.kz

«…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғам дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.»

( Н.Назарбаев) 

Отан... Атамекен... Атажұрт... Тарих... Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды... Адам адам болып жаралғаннан бері ұлан-асыр даму көшінің өн бойында жер үшін, ел үшін сан қилы дүрбелеңдер көп болған. Әдетте, осындай дүрбелеңдерден, яғни үлкен аумақтарды қамтыған қанқұйлы соғыстардан соң ғана, әлем картасы аталатын ала қағаз бетіне түзетулер түсетін. Ал жиырмасыншы ғасырдың соңында әлем келбеті ешқандай дүрбелеңдерсіз-ақ өзгеріп шыға келді. Оған жер жаһанның алтыдан бір бөлігіне иелік етіп, қаһарымен алыс-жақын жұрттардың бәрін ықтырып келген алып империяның ың-шыңсыз ыдырай бастауы себеп болды. Ыдыраған империяның орнына он бес тәуелсіз мемлекет өсіп шықты. Солардың бірі Орталық Еуразия алабындағы ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар – Қазақстан Республикасы еді. 

Қазақстан - қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бұл жерде ата-бабамыз туды, тұрды, өмір сүрді, оның топырағында ата-бабамыздың кіндігі кесілген кең жазира жері. Бұл жерді мекен еткен көшпелілер мен отырықшылардың бір-бірімен шендескен әлемі ғасырлар қойнауында талай-талай ұлыстар мен ұлағаттарды дүниеге әкеліп, мәдениеті мен діні жаңғыра түлеп, әйгілі күре жолдардың үстінде саудасы қызып, Шығыс пен Батыс арасы тұтастанып жататын болған. Біздің еліміздің жерінен Жерорта теңізінен Қытайға дейін Еуразияны көктей өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолының» керуендері тоғысқан кіндік Азияны басып өтетін Қазақстандық телімі болған. Қазақстанның табиғаты таңғажайып: мұнда аспанмен тілдескен мұзарт шыңдарды, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдерді, ақ жал толқындары асау арғымақтардай көкке шапшыған шалқар теңізді, күні от шашқан шөлейтті, арналы өзен, ну орманды көруге болады. Қазақстан картасы – қазына картасы қазір. Даласы дархан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы. Қазынаның барлығы да қазақ жерінің топырағында тұнып жатқанын екінің бірі айтпай- ақ біледі. 

Дегенмен, жер бедерінде, негізінен, жазық далалы, шөлді және шөлейт аймақтар басым. Олардың арасында Сарыарқа мен Үстірт, Тұран ойпаты мен Батыс Сібір ойпаты, Мойынқұм мен Бетпақдала ұлы өңірлері бар. Таулы аймақтар республиканың оннан бір бөлігін алып жатыр. Оларға Алтай, Жоңғар Алатауы және Тянь-Шань тау жоталары кіреді. Ірі өзендер: Ертіс, Есіл, Жайық, Іле, Сырдария, Тобыл. 
Қазақстан Республикасы Еуразия құрлығының түкпірінде орналасқан. Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте Ресеймен, оңтүстікте, оңтүстік-батыста Орта Азия республикалары Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен, оңтүстік-шығыста және шығыста Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы –13034км. Қазақстан аумағының көлемі – 2 млн. 714,9 мың шаршы км. Оған Батыс Еуропаның Франция, Португалия, Испания, Италия, Греция, Норвегия және Финляндия мемлекеттері түгел сыйып кетер еді. Міне, қазақ даласы – кең байтақ! Қазақстан жер көлемі жөнінен Ресей, Қытай, АҚШ, Австралия мен Үндістаннан кейін алтыншы орын алады. Сондығынан ғой, күмбір – күмбір көне күй мен толғауы тоқсан жырларымызда – «Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы – айшылық, Қаратауы – күншілік,» - деп толғаған. Дала төсінде жаңа өмір шуағын төгеді. Оның бауырындағы буырқанған жасампоз өмір тіршіліктің тоқтаусыз соғып жатқан жүрегіндей. Еңбеккері маңдай терін тамшылата төгіп жатса, сыршыл ақыны: 

Боз жорға, боз інгенді, боз торғайлы, 
Боз дала, ием саған, боз басымды! – деп жүрек лүпілімен суарылған ақ қанатты жырына қосады. Ғылым адамзатқа қанат бітірді, ғаламат істерге бастады, ғажайып жаңалықтар ашты. Соның куәсі – адам көкзеңгір ғарышқа қадам басты, айға қонды, жұмыр жерді аялай айналып ұшты. Ал ғарышқа жол – Байқоңырдан от алғанын мақтан етпейтін кім бар? Ғарышқа қадам жасаған елдер қатарында біздің еліміздің де еңсесі биік, жалауы жоғары. Ғарышта елдің намысын мәртебелеп мерейін асырған, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев егеменді елдің ғарышкерлері. Сондықтан ғой қай елдің адамы болсын, өз Отанын дүниедегі ең қымбатты, ең қасиеттісі, ең аяулысы – Анасына балайды. Ғаламындағы ғажап тіршілігінің қасиетті мекенін сүймейтін адам болмайды. 

«Отан – оттан ыстық», «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» - деп түйген халықтың қаһарманы Бауыржан батыр: «Отаның үшін отқа түс күймейсің», - дейді. Қазақ елінің есімі аңызға айналып, дастандарға арқау болған батыр ұл – қыздары толып жатыр. Олар – атамекенін, туған елін жан аямай қорғап, ата- бабаларының ерлік дәстүрін сақтау арқылы өздерінің өшпес даңқын шығарғандар. 

Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен тараған, ана сүтімен дарыған. 
Қазақ батыр халық, ержүрек халық, намысшыл халық. Ел басына қиын – қыстау күн туғанда ерлері намыс отын жағып, туған топырағын қасық қаны қалғанша қорғағанына өткен тарих куә, кешегі сұрапыл заман куә. 

XX ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын жаңғырған қалпында аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, құлдығы мен зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту үшін, еңбек пен мәдениетті жарастыру үшін, сұлулық пен парасаттың салтанат құруы үшін, жаппай келісімі жарасқан прогрессивті адамзатпен бір сапта болу үшін жаңаша өмірге қадам басты. 

Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан - өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пікіріне әлем саясаткерлері ықылас қоятын болды. 

Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамассыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демократиялық жолмен дамуының берік іргетасы қаланды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан дүниежүзілік экономикада өз орны бар елге айналды. 

Он бес жыл ішінде қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып, өзін - өзі тану, өзінің бай ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. 
Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді. 

Бүгінде Қазақстанның негізгі ұлтын қазақ халқы құрайды. Одан кейін славян халықтарының өкілдері орыс және украин халықтары. Сонымен қатар ең елеулі этносты құрайтындар өзбек. немістер және татар халықтары. Осы біздің елдегі халықтар басын біріктіріп, олардың ұлттық тегіне қарамастан, теңдігін бекітетін құжат бар. Ол еліміздің Ата Заңы, Конституциямыз. 

Қаншама рет туы тігіліп, қаншама рет туы қайта қисайған, қаншама мемлекеттің құрамында болып, қаншама рет мемлекетсіз қалған әрі көне, әрі жас қазақ халқы қайтадан әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресуде. 

Ж. Жұмағұлов