Қос туындының тұсауы кесілді

Қос туындының тұсауы кесілді
Фото: massaget.kz

Кеше The Ritz-Carlton, Almaty қонақүйінде белгілі күйші Асылбек Еңсеповтің "Әке арманы" және Сырымтай Еңсеповтің "Алтын заман-ай" композицияларына түсірілген бейнебаяндардың тұсаукесері өтті.

Шараға еліміздің өнер саңлақтары мен жас әнші-әртістер арнайы қатысты. Олардың ішінде: Ескендір, Біржан Хасанғалиевтер, Мұрат Құсайынов, Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Нағима Есқалиева, Нұрлан Абулллин, т.б. өнер жұлдыздары бар. 

Асылбек Еңсепов қазақстандық заманауи музыканың белді өкілі ретінде 20 жылдан бері музыкада домбыра, эстрада, күй, компьютерлік технология және орындаушыны біріктіретін ДЭККО бағытын дамытып жүр. Әкесі – атақты композитор Жасарал Еңсеповтің ұлттық музыкаға деген махаббаты мен этникалық сарынды дамытуға ұмтылысын сіңірген Асылбек өзінің әр шығармасын жарыққа шығаруға аса үлкен ұқыптылықпен қарайды, ноталар мен дыбыстарды талғаммен таңдайды, дайын композияларды әлемнің үздік студияларында жазады.

Оның сахнада өнер көрсетуі – актер мен музыкант шеберлігінің айрықша синтезі. Шығармашылық ерекшелігінің басты құпиясы дәстүрлі және авангардтық бағыттардың үлкен шеберлікпен жымдасуында жатыр.

Ең әуелі Асылбек Еңсеповтің "Әке арманы" композициясыны қойылып, келген қонақтар өз әсерлерімен бөлісті. Бұл шығарма күйшінің әкесі қазақтың танымал музыканты, композитор, домбырашы, күйші Жасарал Еңсеповке арналған. 

Сырымтай Еңсеповтің "Алтын заман-ай" туындысының әнін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композиор Төлеген Мұхамеджанов, ал сөзін ақын, көптеген лирикалық ән мәтіндерінің авторы Әбдірахмен Асылбеков жазған. Бейнебаянның режиссері танымал режиссер Ақан Сатаев.

Негізгі сюжеті сонау қазақ хандығының бастау алған уақытынан бастап, бүгінгі ел тәуелсіздігіне дейінгі уақытты қамтиды. 

Қос туындының тұсауы кесілген соң Асылбек Еңсепов сахнаға шығып бірнеше күй орындап берді. Артынша Сырымтай Еңсепов те өз әндерінен шашу шашты. 

Ж. Жұмағұлов