Домбыраның шығу тарихы және түрлері

Домбыраның шығу тарихы және түрлері
Фото: Total.kz

Домбыра − өзіндік музыкалық сипаты бар, қазақ өмірінде маңызды орын алатын аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. 6000 жылдық тарихы бар домбыра бүгінде жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап. Ендеше назарларыңызға домбыраның шығу тарихы мен түрлері жайында кеңінен ақпарат ұсынамыз.

Әр түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз.

Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында ауызға алынды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды. Осындай аспап аттарының ұқсастығы да олардың түпкі шығу тегі бір екенін көрсетсе керек.

Өткен жүз жылдықта ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан. Бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері болды. Олардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түсті. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті.

Қазақстанның батыс аудандарында домбыра тартудың өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрі қалыптасқанын айту керек. Батыс аудандардағы домбыраның негізгі өзгешелігі, көлемі үлкен болып келеді, сонымен қатар шанағы сопақ, мойны жіңішке, перне саны көбірек. Сондықтан мұндай домбыраны тартқанда қолданылатын техникалық тәсілдерді шанағы жалпақ домбыраға қолдану қиын, өйткені бұл соңғы домбыраның мойны едәуір енді және ондағы перне де аз.

Шанағы жалпақ домбыраның бірнеше нұсқасы кең тараған. Егер батыс аудандардағы домбыраларға 12—14 перне тағылса, ал шанағы жалпақ домбыраға не бары 7—8 ғана перне байланған. Перне санын арттыру процесі өте баяу жүрді және оның өзі орындалатын репертуарға тікелей байланысты еді. Әдетте, жаңа перне онымен алғаш орындалатын күйдің атымен аталынды. Пернелердің бірі домбырада «Түрікпен күйін» орындағанда байланды да, «Түрікпен пернесі» деп аталды. Бейтарап терция интервалын беретін басқа бір перне Қазақстанның батыс аудандарында «Сарыарқа пернесі» деп аталады.

Аңыз-ертегілердің бірінде аспаптағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жайында айтылады. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл шайтанның ісі болды ғой»,— деп ойлайды. Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат.

Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8 – 9, әрі кеткенде 14 – 15-ке жетсе, күй домбырасына 20-дан астам перне тағылады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі. Домбыра, негізінен, екі ішекті және кейде үш ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрлері өте көп. Мысалы, «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау», т.б.

Домбыра жайлы аңыз әңгіме

Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дереу дарға астырады. Екі қабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, жап – жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады.
Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген ана егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбіне келіп, демалады Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаштың түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басына бұтақтан – бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен. “Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар” деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегін қаттылау керілген екен. “Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын” деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен. Бұл аңыз — әңгіме этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегінде жазылған.

Жалпы қазақ даласының әр өңірінде кездесетін домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, аспапшы шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған. Мәселен, оңтүстік пен батыс өлкелерінде домбыра пішіні сопақшаланып немесе дөңгеленіп келсе, ал орталық, сол түстік және шығыс өлкелерінде, көбіне домбыра шанағының бұрыштары үшкірленіп жасалынған.

Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Олардың ішінде:

• Ән мен күй домбырасы
• Торсық
• Тұмар
• Кең шанақты (екі нұсқасы)
• Балдырған
• Балашық
• Шіңкілдек
• Аша
• Үш ішекті
• Қуыс мойын
• Шертер

Оркестр домбыралары:

• Қоңыр дауысты (альт)
• Жіңішке дауысты (прима)
• Ащы дауысты (секунда)
• Бас домбыралар (екі нұсқасы) 

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сонымен қатар оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек).

Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін де қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен, Әміре Қашаубаев, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Байбосынов т.б. белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді.

Домбыра аспабының дәстүрлі үлгілерін, халықтық дәстүрдегі перне байлау, домбыра баптау, күй ойнау, домбыра жасау жөнінде зерттеулерді Б. Сарыбаев, Б. Орымбеков, Т. Әсемқұлов, А. Сейдімбек, Д. Шоқпарұлы, т.б. еңбектерінен кездестіреміз.

Домбыра құрылымдық, сапалық дәрежесінің кемел деңгейге жетуі барысында бүгінге дейін бірнеше сатыдан өтті:
1932 – 1934 жылдары домбыра аспабын жетілдіру бағытында белгілі аспапшы шеберлер Қ.Қасымов, А.Ермеков, ағайынды И. және Б.Романенколар, Қ.Оңалбаев, т.б. еңбек етсе, оны 1960 – 1970 жылдары Ә.Аухадиев, О.Бейсенбекұлы жалғастырды.

1934 жылы Халық аспаптар оркестрінің (Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі) құрылуымен байланысты домбыраның прима, альт, тенор, бас, контрабас сияқты түрлері дүниеге келді.

1990 – 2000 жылдары аспап жасаушы-қолөнерші шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» сайыстары өткізіліп, соның ықпалымен домбыра аспабы жаңаша зерттеу, даму, жетілу бағытына бет түзеді.

Н. Үсенова