Жүйрік атты қалай баптайды? #2

Жүйрік атты қалай баптайды? #2
Фото: plus.google.com

Ат баптау – атадан қалған асыл өнер. Қазақ халқы «жүйрікте де жүйрік бар, бабына қарай жүгірер», «ат шаппайды, бап шабады», «бақ шаппайды, бап шабады», деп жүйрік атты баптаудың қаншалықты маңызды екендігін айтқан. Олай болса ат баптау өнеріне қатысты Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан үзінді ұсынғанды жөн санап отырмыз.

Басы

• Кермеде тұрғанда күннің ащы ыстығы өтіп қапаланған жүйрікті күніне үш дүркін ауыздығын алмай суарады, оған болмаса алманың шырынын ішкізген тиімді.

• Желді күні қара жарысқа салғандықтан жүйрікті суық соғып, бабы қайтады. Мұндай атты шаңқай түсте кежімдеп, терлетіп, жылы шатырда ұстайды.

• Жер-су үйлеспесе жүйріктің зәрі қара күреңденіп, аунауды ұмытады. Ыстық, суық үйлеспесе денесін тістелеп, қаси береді. Мұндай атты терлетіп, ащы суға қарақурай қосып қайнатып берсе өте жақсы.

• Жүйрікті семіз етті күйінде ұстап, ішін тарттыру үшін жем-шөптен қысқанда ішегі ширатылып бап алмай қояды. Бұны «бір ішек болды» деп те айтады. Бір ішек болған жүйріктің зәрі қара күреңденіп, тезегі жарты құмалақ күйінде кепелеп түседі. Шауып келгенде екі бүйірін соғып сенделеді. Үстіңгі маңдай тісінде сызат байқалады. Мұндай күйге түскен жүйрікті дереу босатып 7-8 күн жылқыға жіберіп алған жағдайда оңалады.

• Қара жарыстарда шаппай, бабына келмей қырсығатын жүйріктер де болады. Бұл баптаудан мезі болған жылқы. Сөйте тұра, керіліп созылып, есінеп, тықыршып жер тарпиды. Мезі болған жүйрікті дереу босатып, үйіріне жіберген дұрыс. Үйірде аунап-қунап, мезілігі қайтқанда ұстау керек. Болмаса, арша тұтатып түтінін иіскетеді немесе қойшының топай атымен жарыстырса көңіл-күйі қалыпқа келеді.

• Жүйріктің баптауы мөлшерден асып кеткен жағдайда жылқы болдырып, терлеуі молайып, ентігіп, күнненкүнге тебіні азайып, қабағы түсіп, көзінен су ағып, жанары көмескіленеді. Мұндай белгілер білінсе, баптауды доғарып, жүйрікті жылқыға қоя берген дұрыс. Баптауы асып кеткен жүйрік ұзақ уақыт бабына келмейді.

• Жүйріктің бабы бұзылғандығының белгісі қабағы қатпарланып, жоны құрғап, іші кеуіп шермиіп кетеді. Ондай жағдайда дереу кермеден босатып, үйірге 2-3 күн жіберіп алу керек.

• Бап бұзылудың тағы бір белгісі тезек тастарда құйрығын сабалап, зәрін талтайып тұрып шығарады. Ондай сәтте жүйріктің қарнын уқалап-сипап, құйысқанын басады.

• Жүйріктің астыңғы тісі қаракөктенсе оның жүрегі қаймыққаны. Дереу түтін сіңген құрым киізбен булау керек. Одан түзелмесе құрым киізді суға шылап, суын қайнатып, оң жақ танауына құяды.

• Қатты жауын-шашынға тап болып, сусоқты болған жүйріктің тісі сарғайып қақ тоқтайды.

• Қасқа маңдайдағы төрт тістің ұшы үгітіліп, сызат пайда болса немесе жүйрік күрсіне берсе «жүрегі өлді» деп есептейді де, өрік немесе кепкен жидені ешкінің майына қосып, үгітіп жегізеді.

• Баптау кезінде көңілі құлазыған жүйріктің маңдай тісіне сызат түсіп, оның бір ұшы тістің етіне дейін созылады. Мұндай жағдайда жүйрікті дереу босатып жіберген дұрыс. Тіпті бір жылға дейін мініп-түсуге болмайды.

• Моншақ тері алынған соң, қара жарысқа салмай ерулеткен жөн. Шалғынға жайылтуға болмайды. Ноқта-жүгенін сыпырып, босатып, үйіріне қосып, қияқ, қазоты, ақизен, ақжусанды тақыр жайылымдарға жайылту керек.

• Жүйріктің зорыққанын білгенде қайнатқан қара шаймен суарып ішіндегі ыстықты немесе зорықты шығарады. Ал, қанында зорық барын білгенде ақ ұнды бір шелек таза суға езіп сөлімен суару керек. Бұл қанын түзейді.


Н. Үсенова