Дәстүр сөйлейді. "Құттық"

Дәстүр сөйлейді. "Құттық"
Фото: vk.com

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

Құттық (дәстүр). Келін түсірген үй құда-құдағиларын аттандырған соң, ауылдың оң жақта отырған бойжеткендері келіп «құтты болсын» айтып арнайы дәм әкеліп, сый жасайды. Сосын қыздарға лайық тағым, кесе-аяқ, көрпе-жастық, сақина, сырға сияқты әшекейлі заттар сұрайды. Бұл дәстүр ел ішінде «құттық» деп аталады. Ол «құтты болсын», «құт әкелсін» деген ізгі ойдан туған қазақи ырым, жоралғы.

«Құттық» алатындар әдейі алыстан да келеді. Оларға мал, бағалы бұйымдар мен киімдер беріледі. Әрине, бұл дәулетті мырза адамдардың ғана қолынан келетін іс. Сонымен бірге бұл қазақтың салт-дәстүрге бай жомарттық, мырзалық қасиеттерінің тағы бір айқын дәлелі екені көрінеді.

Е. Жұмабайұлы