Дәстүр сөйлейді. "Қырық жеті" санын қазақ неге қадірлейді?

Дәстүр сөйлейді. "Қырық жеті" санын қазақ неге қадірлейді?
Фото: kaz.tengrinews.kz

Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

Қазақтың ежелгі әдетінде қыз туғанда "қырық жеті", ұл туғанда "атұстар" деп сүйінші сұрайтыны немесе "Қалыңмалға қырық жетіні матап бердім", − дейтіндері бар. Бұл сөз өткен ғасырларда жиі айтылып, өмірде жиі жасалатын, қалыптасқан ғұрып болатын. Әрине, қырық жеті дегені, сонша мал екені әркімге белгілі. Ал ол неге 48 немесе 50 емес? Қазақ неге 47-ге тоқтаған? Демек, бұл жай ғана 47 емес, өзіндік мән-мағынасы, сыры бар қырық жеті болғаны. Ендеше, бұған түсінік берген жөн.

Біріншіден, қазақ 40 пен 7 сандарын ежелден қасиеті киесі бар деп санаған. Мысалы: қырықтың бірі − Қыдыр, қызға қырық үйден тыйым, қырық күн шілде, жеті қазына, жетіскеннің жеті әлпі, жігітке жеті өнер де аз, жеті қат жер, жеті ата, жеті жұрт, т.б. Олай болса, халық өзінің құдалық салтында қалыңмал санын қырық пен жетіні қосып ырымдап, осы санға тоқтаған.

Екінші анықтаманы халық тұрмысы мен этнографиялық ерекшеліктерін жетік білген академик-жазушы Сәбит Мұқанов берген. Сәбең "қырық жетіні" былай түсіндірген (түсіндірме шығарма кейіпкерінің атынан беріледі): 

− Әкемнің айтуынша, оның мәні былай көрінеді: бұзаулы сиыр ма, құлынды бие ме, боталы түйе ме, ең алдымен балалайтын жеті мал беретін көрінеді. Бұлардың қатарына қой мен ешкі кірмейді. Мысалы, жеті бие береді дейік. Оның сыртында жеті құлын, жеті тай, жеті құнан, жеті дөнен болуы керек. Сонда бұл отыз бес бас болды ғой. 

− Балалайтын малдың ішіндегі төлін де есептейді, оның атын бүкпе дейді екен. Соны қосқанда − жетеу. Сонда қырық екі болды ма?

− Бұған қосылатын малдар: құда болуға уәделескенде күйеудің әкесі қыздың әкесіне: "Уәдеміз шегедей мықты болсын", − деп, "шеге ат мінгізеді", бұл − бір; екінші, құда түсуге келгенде қыздың әкесіне "мініс ат" береді; үшінші "жеке ту бие" дегін болады, онысы, қыздың әкесі үйіне ұзату той жасағанда сойыстыққа алатыны болуы керек; төртінші "түс ат" дегені болады, онысы күйеу қайын атасының үйіне алғаш барып түскенде беретін айыбы болуы керек; бесінші, "өлтірі" дейтіні болатын көрінеді. Мұнысы − қыздың үйіне күйеу жағы әкелетін ең алғашқы дәстүрлі кәде, құдайы мал. Қыздың үйі бұл қойды сойып, туған-туыстарын, ауылдастарын шақырып бір жапырақ етіне шейін, бір қасық сорпасына шейін таратып береді. Терісін де біреуге береді. Бұл малды тірі күнінде де сойылғанда да ұзатылатын қызға көрсетпейді. Қызға еті түгілі, сорпасынан да татырмайды. Мал сойылып, еті мен сорпасын жұрт ішіп-жеп тарағанша қызды оңаша бір үйге отырғызып қояды. 

− Сонымен, манағы балалы малдың саны қырық екі, мына соңғы әртүрлі ырымның малы бес, барлығы қырық жеті... Қазақтың: "Қырық жетіні қырқа матап бердім", − дейтіні осыдан екен ғой (С. Мұқанов "Өмір мектебі", Алматы, 1955 ж. 337 бет).

Қалыңмал салтындағы "қырық жетінің" жұмбағы осындай.

Е. Жұмабайұлы