Ұран музыкалық аспабы туралы не білесіз?

Ұран музыкалық аспабы туралы не білесіз?
Фото: sirnai51.jpg

Халқымыздың саз аспаптары – көне заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан аса құнды мәдени мұра. Ерте заманда оларды ағаштан, түрлі өсімдіктерден, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізінен, қылынан және басқа да түрлі заттардан жасаған. Бүгінде байырғы аспаптардың 20-дан астам түрі болғаны анықталған. Музыка аспаптарын жұртқа хабар бергенде, аңшылар құсты, аңды үркіткенде, бақсылар сарын айтқанда, әскери жорықтарда ұран салғанда пайдаланған. Ұран демекші, арнайы ұран аспабы болғанын білеміз бе?

097d11c3147ed9915d1b8a1069d01624

Ұран – ар-намыс сөзімен қатар қойылады. Әр ру өзінің айрықша сыйлайтын, құрмет тұтатын тұлғасын ұран еткен. Айталық, «Абылайлап» жауға қарсы шапқан қазақ қолының екпіні қашанда жауынан басым түскенін тарихтан білеміз. Жауға шапқандағы ұрандату – сол бабасының әруағы қолдап, демеп отырады деген сенімнен шықса керек. Осы ұран сөзін ата-бабамыз музыкалық аспапқа таңған. Бұл аспаптың жай аспап емес екендігін осыдан-ақ білуге болады. Аспап жаугершілік заманда жауынгерлердің айнымас адал серігі болған. Ұран аспабы арқылы жаудың келе жатқанын хабарлай отырып, ұрандатып жауына қарсы шапқан. Ұранды сондықтан да ержүректіліктің, ерліктің үлгісі деп атаймыз. Ұран алғаш тек хабарлаушы құрал ретінде пайда болса, кейінүрмелі музыкалық аспап деңгейіне көтеріліп, халық арасында кеңінен таралды.

Ұран-екі түтікшені біріктірген үш саңылаулы аспап. 1880 жылдары осы аспапты ел ішінде көріп қалып, суретін қағаз бетіне түсірген музыка зерттеушісі А. Эйхгонның мәліметі негізінде ұранның пішіні қалпына келтірілді. Мамандардың айтуынша, үрмелі аспаптар тек Орталық Азия халықтарына тән. Соның ішінде қазақ даласында көп кездеседі. Алғашқы үрмелі аспаптардың ойық, саңылауы болмаған. Сондықтан да оны тек хабар беру үшін ғана қолданған деген мәлімет бар. Кейін саңылау пайда болған соң музыкалық аспап ретінде кәдеге асқандығы туралы айтылады.

Ұран аспабының үні өте жуан. Ұран деп аталуы да осы үніне байланысты болуы мүмкін. Бұл аспапты жасау үшін өзегі алынып, қақ бөлінген іші қуыс екі ағашты қосып, сыртынан қайыспен орап жасайды. Түркі тілдес халықтар, соның ішінде қазақ халқы оны діни мереке, мейрам кездерінде, мешітте, намаз уақыты келгенде және өзге де жағдайларда да қолданған.

arda.com.kz

М. Ақан