Жүзік туралы не білесіз? #2

Жүзік туралы не білесіз? #2
Фото: ademi-ai.kz

Жүзік пен білезік сыйлағанда "Қолың өнерлі болсын!" деп айтады. Жүзік пен білезіктің магиялық және тазартушылық қасиетіне сену - шығыс халықтарына тән. Сақина, жүзіктерді киелі деп сену оның қолданыс аясын кеңейтті. Қазақ әйелдері баланы қырқынан шығарғанда шомылдыратын суды тазартады әрі сәбиді қорғайды деген ниетпен күміс сақиналарын салған. Сақинаға байланысты осы секілді ғұрып тәжіктерде де бар. Сонымен қатар сақина ауруды анықтау тәжірибесінде қолданылады: науқас адамның жотасымен сақинаны жүргізіп өтсе, асқынған жер міндетті түрде қараяды деген тұжырым болған. Қалыптасқан сенімге байланысты әрбір қазақ әйелінің қолында жүзік болуы тиіс. Саусағында жүзігі жоқ әйел дайындаған тамақ адал емес деп есептелген. Қазақта осыған байланысты «Тамақ адал болу үшін, қолда жүзік болуы керек» деген мәтел бар. Якуттарда қолында жүзігі жоқ әйелге тіпті сиыр саууға рұқсат берілмеген, өйтсе, сиырдың желіні ісіп кетеді деп жорамалдаған. Ал желін ісігін жазу үшін сүтті сақинаның көзінен өткізе сауатын болған.

Алтай және долған халықтарының дәстүрінде сақина әйел мен еркек арасындағы жақын қатынастың белгісі болып табылады, яғни сақина алмасу немесе сақина сыйлау некеге тұруға, жақын қатынас жасауға келісім беруді білдірген. Хакастарда бұл қызметті білезік атқарады, мәселен, қыз таңдаған жігітіне білезік сыйласа, оған тұрмысқа шығуға келісім бергенін білдіреді. Әлемнің көптеген халықтары арасында сақина адам бойына жын-перінің енуіне жол бермейді деген ұғым болған. Сақина, жүзіктердің маңызы туралы ауыз әдебиетінде де айтылады. Қазақ дастандарының біразында қыздың жасауына кіретін немесе тарту етілетін бұйымдардың ішінде міндетті түрде жүзік айтылады.

Қазақ ұғымында ортаңғы саусаққа жүзік салуға болмайды, әйтпесе жақыныңның бірі қайтыс болады деген наным қалыптасқан. Тек ата-анасынан айырылған қыз ғана ортаңғы саусағына жүзік салуына болады, мұндай жағдайда сақина осындай жайдың нышанын білдіреді.

Қазақта қайтыс болған әйелдің бойында сырғадан басқа ешқандай әшекей қалдырмайды, өйткені оның денесі таза болып, ешқандай металл ауырлық келтірмеуі тиіс деп есептелген. Мұндай дәстүрдің пайда болуы жерлеу рәсімінің даму нәтижесі деуге болады. Осыған ұқсас түсінік Сібірдің түркі тілдес халықтары – буряттар, долғандар, телеңгіттерде де бар. Якуттарда қайтыс болған әйелде мойынға тағатын кіреш, неке жүзігі, сырға қалдырылған, бірақ олар күмістен емес, мыс немесе ағаштан болуы тиіс. 

Дереккөзі: Қазақтың зергерлік өнері.-Алматы: "Алматыкітап баспасы", 2011.-384 бет, суретті. 

Қ. Бүйенбай