Құс баптауға қажетті жабдықтар: Ырғақ

Құс баптауға қажетті жабдықтар: Ырғақ
Фото: m5.asset.yvimg.kz

Құмай жүгіртіп, құс салу — ата-бабамыздан аманат болып қалған асыл өнер. Аушы құстарды баулитын қазақ құсбегілері оған қажетті жабдықтарды да өздері дайындап алған. Дана бабаларымыз ұрпағына құс баптаудың қыр-сырымен бірге оған қажетті құрал-жабдықтарды жасауды да үйретіп отырған. Осы орайда көзіқарақты оқырмандарымызға құс баптауға қажетті құрал-жабдықтарды жүйелі түрде таныстырып шығуды жөн көрдік.

Ырғақ — түзден ұсталған асау құсты, икемге келтіруге арналған әткеншек тәрізді орнықсыз, ұдайы «ырғақтап» қозғалып тұратын, құс жуасытатын құрал. Оның екі түрі бар: қарапайымы — арасы үш-төрт құлаштай, биіктігі кісі бойындай екі қадаға керіліп байланған арқан, екіншісі — бүркіт шеңгелі толарлықтай, ұзындығы бір құлаш келген жұмыртаяқшаның екі басына жіп байлап аспақтатқан, алтыбақан тәрізді қимылдап тұратындай етіп керген әткеншек.

Томаға кигізіп, ырғаққа отырғызған асау құсты ұдайы тербеп қозғап отырса, оңды-солды бұлтылдап ойнақшыған кезде құламас үшін құс қарманып әрекеттеніп әбігерге түседі, ақыры қалжырап болдырады. Сол кезде жуасып, құсбегінің ырқына көне бастайды. Ондайда кешкісін тамақтанып кезде саптаяқты көрсе дегбірсізденіп, бас салатындай халге жетеді.

Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан.

Е. Жұмабайұлы