Бүркіт – төрт асылдың бірі

Бүркіт – төрт асылдың бірі
Фото: cs619725.vk.me

Қазақ халқы бүркітті қатты қадірлеп, оны өздерінше төрт асылдың бірі деп санайды. Төрт асылға қозы қошқар, еккен егін, тазы күшік, балапан бүркіт жатады. Cебебі, бұл төртеуі жасы жылға толмай-ақ адам керегіне жарап, қажетін өтейді.

Бүркіт қазақ қоғамының бір жанды мүшесіне айналып кетті. Сондықтан қапелімде мерт болған немесе ауылда өлген бүркіттің иесіне: "Ат өледі, құс қашады, екі қанат бір құйрық табылар, ажалы жетсе бәрі өледі" деп, сабырлыққа шақырып, көңіл айтады. Қазақта ертеректе өлген қыран құстың қанат, құйрығына май жағып, ақ матаға орап, биік тay құздарына немесе адам аяғы баспайтын жерге арулап жерлейтін салт та болған. 

Бүркіт аң ала алмай, ауырып мазасызданғанда "көз тиген" деп ырымдайды. Ондайда бүркітті "қырсық шалды" деп, жанып тұрған оттың үстіне тұз шашып, бытырлаған дауыс ырғағымен оңнан солға қарай айналдырып: "Бисмилла, сырыс-сырыс, сырыс-сырыс! - деп домдайтын. Құсбегілікке байланысты барлық құрал-жабдықты жинастырып, оларды адыраспан, арша сияқты қасиетті өсімдіктермен аластап, бәле-жаладан тазартады. Қазақ құсбегілері бүркіттің пірін Әулие Жалайыр Шора Ата деп біледі. 

Аңызға сенсек, Жалайыр Шора құс атаулының "тілін" білген, қырандардың мекені мен шабытты өрісін, қонағы мен ұясын, неге шабатын, нені алатынын білген екен. Тіптен, төбеде ұшып өткен құстың жасын, қырандығын ажырата алған. Құс атаулының: "Ұша берсем қанатым талады, Жерге түссем Жалайыр шора алады",- деп, зар қаққаны туралы ел аузында аңыз бар.

Құсбегілігімен аты шыққан Найман Тіней туралы "Тінейдегі қасиет егіз екен Сары құспен, Шорадағы бар қасиет тілдес екен барша құспен" деген тәмсіл қалған. Баптаған құстары бұғы, маралға түсетін Тіней қайтыс болғанда, Сары құсы иесінің зиратының басына барып қонақтап, іш құсадан өлген деседі.

Қазақ құсбегілері қыран құсты ұстағанда сатып, қалап алғанда бүркіттің құйрық қауырсынын, қанатын майлап, иығына шоқ үкі тағып, ақсарбас малын сойып, тілеу тілеп, шашу шашып, сүйінші сұрайтын жақсы салт бар. Ауыл ақсақалдары мен кәнігі адамдарға сынатып, "бүркіттің құйрығын майлау" тойын жасайды. Ондайда ауқаттылар жағы ақсарбас атаса, қарт құсбегілер өздерінің ескі құс жабдықтарын көрімдік ретінде сыйға тартады. Ертеректе күзде саят уақыты басталардан бұрын аушы құсқа арнап құрбандық береді: әркім өзінің шама-шарқына қарай тарту ұсынады, ауқаттылар қой сойып, бүркіт торын "қандайды" (торға қан жағады).

Қазақ халқы үйге қыран құс келгенде Қызыр Бабаның ерекше сыйлығы деп, сонымен қатар үйге бақ-береке келді деп шын жүректен қуанып, жақсылыққа жорыған. Сондай-ақ қазақтарда бөгде біреу бүркітімен ауылға келсе, құсының иығына үкі тағатын немесе ақ шүберектен ақтық тағатын архаикалық ғұрып бар.

Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.

Жалғасы бар...

Е. Жұмабайұлы