Қыран бүркіттің қазақ үшін қадірі

Қыран бүркіттің қазақ үшін қадірі
Фото: gazou.kizitora.jp

Қыран бүркіт – көк Тәңірінің елшісі, ол Күннен жаратылған, күннің еркесі, көктің иесі деп көп халықтың көне сенімінде аса жоғары дәріптеледі. Жыртқыш құстарды аса қадірлеген қазақтар болса, садақ оғының жебесін "күшігеннің қойлық жүнімен" және "тазқараның тайлық жүнімен" (қауырсынымен) ұштаса, тік ұшады деп сенген. Бұл туралы белгілі қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов жазған екен. 

Біздің қазақтардағы үкі тағу да құс Тәңірдің елшісі, ол – адамды қорғап жүрсін деген ырымның бір нышаны. Біздің қазіргі қазақ тіліндегі құт қону, басына бақ құс қону деген тіркестерде кездесетін "құт" сөзі "құс қону, тәңірден береке келіп қону, көктен құт түсу" деген мәнде қолданылған құттың өзі тәңірлік сый-сияпаты деген танымның сарқыншағы деп айтуға жетелейді.

Ежелгі көшпенділерде хат-хабар алмасу кездерінде ресми іс құжаттарына тез жету, құстай ұшып бару, шапшаңдық жылдамдықтың белгісі ретінде құстың қауырсынын тағып жіберетіні туралы заттық айғақтар, жазба деректер бар. Баһадүр батырлар болат дулығасының шекесіне қыранның қауырсынын тағып жүрді. Ақсақ Темірдің, Шайбани ханның, т.б. хандардың атақ-лауазымы да қыранға байланысты "Сахибқыран" деп аталған.

Қадым заманнан бері қастерлеп, табынып келген бүркітті пір тұтқандығы соншалық, ол өлсе, иесі оны қауырсын, мамығы, құйрығы, басы, тұяғымен, кейде "бітеу" немесе жара сойып, үй төріне қанатын кере іліп қояды. Бұл "бүркіттен пәле-жала, жын-шайтан қашады" деген наным-сенімнің нышаны. Сол сияқты бүркіттің тұяғын, басын, қанатын түскиіз, бала бесігі, төрге іледі. Кейде бітеу сойылған бүркіт "терісінің" ішіне шөп тығып, тұлып жасап қоятын да салт болған.

Бүркіттің түлегі кезінде түскен қауырсындарын теріп алып, кереге басына іліп қоятын салт бізде бұрыннан бар. Бұл қауырсынды қастерлеушілік, әрі саятта құстың қауырсыны сынып, құстың ұшуына бөгет болса, кәдеге жарату деген сөз. Бүркіт қанатымен үй, кілем, сырмақ, басқа да дүниелерді сыпырмайды. Керісінше, оны жастыққа салып жатса, бас ауырмайды, басты пәледен сақтайды, адам шошып оянбайды деп сенген халық санасынан берік орын алған.

Құстың саусақ, тырнақтарын тұмар ретінде де, фетиштік зат ретінде де қазақтар аса қастерлеп пәле-жаладан сақтайтын киелі зат ретінде қолданған. Бүркіттен "жын-шайтан" қашады деген қазақтар балалардың бас киіміне, бешпетінің алдыңғы өңіріне бүркіт тұяғын тағып, бесігіне бүркіт тұяғын байлап қойған.

"Көтеріліп" ауырған, қатты шошынған аурулардың басына бүркіт қондырып емдейтін салт бар. Толғақты жеңілдету үшін үйге бүркітті әкеліп, қанатымен желпіп, қыранды көрсететін болған. Бұл бүркіттің киесі толғатқан әйел мен нәрестені жебесін дегеннен туған болса керек.

"Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай" деген аталы сөз содан қалса керек. Қазақтардағы осы құс танымының сарқыншағы "Бүркіт биі" бар. Адамның түсіне бүркіт енсе, онда мұратына жетудің нышаны, бойдақтар үйленеді, жұбайлар балалы болады деп сенген.

Түрік тектес этностарда "құс тұмсық", "құс мұрын", "құс қанат", т.б. қыран құстардың бейне келбетін кескіндеген ою- өрнектер көп. Ал қазақ балаларына, жер-суға көп қойылатын бүркітке байланысты аттар осы құсқа қатысты байырғы наным-сенімнің тікелей әсері деп бағалауға болады.

Сөйтіп құт-құс, Тәңір мен жер арасындағы адам баласына "жан беруші, қорғаушы, киелі елшісі, жебеп қорғаушысы" (медиатор) болып келген байырғы түрік танымының сарқыншағы міне, осындай.

Жалғасы бар...

Б. Хинаят, Қ.М. Исабековтің "Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған

Е. Жұмабайұлы