«Ит жақсысы - тазы» туралы түсінік

«Ит жақсысы - тазы» туралы түсінік

Жақсы иттер жайлы қазақта ертегі, аңыздар көп. Қазақтың ұғымында ең жақсы ит – құмайды иттен емес, "итала қаз" дейтін ала құстың жұмыртқасынан шығыпты-мыс дейді. Ол құс қасқыр мен аюдың ескі апандарын немесе таудың үңгірлерін мекендейді. Құмай тазы туралы аңыз-әфсаналарға зер салатын болсақ, иттің тотемдік культі және күнделікті өмірдегі таза практикалық пайдасынан болса керек.

Ит культі аңшылық дәуірінде шарықтау шегіне жетіп дәріптеліп, түркі-моңғол халықтарының арасына ителі, итала қаз, құмай тазы туралы мифтер кеңінен таралған. Құмай ит туралы аңызды кезінде Ә. Диваев та жазып алған. "Қазалы, Перовск, Шымкент уездерінің қазақтарынан өзінің лақап аты бойынша бірегей құс – итала қаз жөнінде біздің әлденеше рет естуімізге тура келді". "Итала қаз жұмыртқасын елсіз және биік төбелердегі ескі, айдаладағы мазарларға салады, ол үшін сол жерден әртүрлі аң және басқалар тастап кеткен індерді пайдаланады. Жұмыртқадан "құмай" деген лақап атқа ие болатын тазы ит шығады. Олар титімдей болып жарық дүниеге келеді. Төстері қара ала болады, керемет шапшаңдығымен, батылдық және ептілігімен ерекшеленеді. Құмай қуған аңшылықта, одан бірде-бір құрбаны қашып құтыла алмайды. Кейбір қазақтардың нық сенімі бойынша, итала қаздың етеккірі келеді, осы себепті бұл құстың еті тағамға пайдаланылмайды. Осыған ұқсас аңызды С. Сейфуллин да жазады: "Сары ала қаздың жұмыртқасынан кейде күшік туады екен. Сол құмай болады. Оны "тәңір берейін" деген адамға кез қылады. Сары ала қаздың ай сайын әйелше айызы келед". Бұл аңыздардан ит пен қыздың бір тұқымнан тарайтындығы көрінеді.

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Кендірлік өзенінің Сайхан – Сауыр тауларын жарып өтетін тік жартастың кемерінде "құмай ұясы" деген орны күркенің орнындай құстың ұясы бар. Ағаш бұтақтарынан сарғайған шөп қалдықтарынан салынған ұя әлі тұр. "Ұясы осындай үлкен болғанда, жұмыртқасы қандай болады екен", - деп таңғалысады. Тазы ит осы ұяны мекендеген алып құс құмайдың жұмыртқасынан шығыпты. Қазақта "құмай тазы" деген сөз бар, жақсы, жүйрік, алғыр тазыларды "нағыз құмай тазы" деп жататыны осыдан болса керек...

Б. Хинаят, Қ.М. Исабеков. " Саятшылық - қазақтың дәстүрлі аңшылығы" атты кітабынан алынған.

Сурет: static.nmn.kz

Е. Жұмабайұлы