Ырым-тыйымға сенесіз бе?

Ырым-тыйымға сенесіз бе?
Фото: Netofex

Өмірде белгілі бір қағидаларымен жүретін адамдар бар. Соның ішінде ырым-тыйыммен, наным-сеніммен өмір кешетіндер де жоқ емес.

Бала кезде құрбақаны ұстасаң, теріңе жара шығады деп үлкендердер қорқытатын. Алайда бұдан жара пайда болмайды, тек ата-ана бала жаман әдеттерден аулақ болсын дегенінен шыққан сөздер ғана. Дегенмен, мұндай қағидалар әлі күнге дейін құнын жойған жоқ. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік. 

Құрбақадан сүйел жұғады. Құрбақаны тіпті сүйгенде де адамға ешнәрсе болмайды. Сүйел папилломавирустық инфекциясы бар науқас адамнан жұғады. Сол себепті айға қарап кіші дәретке отырса да, қолыңа сүйел шығады деген сенім шындыққа жанаспайды. 

Шашты алған соң қалыңдайды немесе қараяды. Қырыну – жоғарғы бөлікке ғана жүргізілетін шара. Сол себепті оның шашты қалыңдатуға не қарайтуға да қатысы жоқ. Бұл тек сыртқы көзбен қарағанда немесе адам өзін солай сезінуі мүмкін жағдайлар ғана. 

Күніне 8 стақан су ішу керек. Адамдардың көбісі күні бойы өзінің ағзасына қажетті суды ғана ішеді. 8 стақаннан артық су ішу кейде жүрекке және бүкіл ағзаға салмақ салуы мүмкін. 

Түнде тырнақ алуға болмайды. Мұны бәріміз үйдегі апа-әжелерімізден естіп өстік. Мұның сыры бұрын киіз үйде отырған ата-әжелерімізде жарық болмағандықтан, алынған тырнақ асқа түсіп кете ме деген қорқыныш қана. Сол себепті тазалық сақтап алынған тырнаққа күндіз не түннің ешқандай да қатысы жоқ. 

Сол құлағың шыңылдаса біреу сені жамандап жатыр. Осыны бүгінде көп естіп жүрміз. Дегенмен, бұл керісінше сіздің денсаулығыңыз жайында хабар беріп отырғаны. 

Ырымға сену керек пе, әлде сенбеу керек пе деген мәселенің құпиясы әлі күнге дейін ашылмаған. Тіпті мұның төрт түлік малға, тұрмыстық заттарға және жүкті әйелдерге, балаларға, көз тиюге байланысты және сол секілді қазақи ырым-тыйымдар өте көп.

Ал сіз өзіңіз осындай ырым-тыйымдар мен наным-сенімдерге сенесіз бе? Сіз үшін маңызы қандай?

Н. Үсенова