7 арнаға Youtube "Алтын батырмасы" табысталды

7 арнаға Youtube "Алтын батырмасы" табысталды
Фото: massaget.kz

7 арна Youtube видеохистингінің "Алтын батырмасын" иеленді. Марапаттау салтанаты Алматы қаласында өтті.

Алтыншы қазанда 7 арнаның YouTube арнасына 1 000 000-шы көрермен тіркеліп, арна ұжымының ұзақ әрі жүйелі жұмысы ақталды. Нәтижесінде YouTube миллион тұрақты көрермені бар арнаға "Алтын батырманы" ресми табыс етті. Осылайша 7 арна "Алтын батырманы" иеленген қазақстандық 4-ші арна атанды.

7 арна медианарық талаптарына ден қойғалы бері көрермен назарын өзіне аударта білді. Оның YouTube арнасы 2010 жылы ашылып, жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін арнада 17,5 мың видео жарияланып, барлығы 634 416 575 қаралым жинаған. Оның ішінде:  

• "Q-eli" скетч жобасының қысқартылған нұсқасы 229 921 607 қаралыммен көш бастап тұр;  
• Q-eli скетч комының 3-4 минуттық үзінділерінің бір ғана видеосы орта есеппен 9 000 000 рет қаралса, "Тақиясыз періште" сериалының бір шығарылымы орта есеппен 1 000 000 рет қаралған; 
• "Тақиясыз періште" сериалының Тайлақ образы бар анонстарының бір видеосының өзі 4 500 000-ға жуық қаралым жинаған; 
• Қазіргі уақытта YouTube-та "Япыр-ай", "Тақиясыз періште", "Бастық боламын", "Зың-зың Күлпәш" және "Әкесінің баласы" сынды ойын-сауық сериалдар мен "Өз ойым" ток-шоуы аса танымал; 
• Бейнематериалдардың орташа қаралу уақыты – 5 минут.

7 арнаның YouTube-тағы арнасы қазақстандық ТОП-10 YouTube арналардың қатарына кіреді. Сондай-ақ, көрермен саны бойынша GAKKU арнасынан (1 300 000 жазылушы) кейінгі 2-орында. 2016 жылы Youtube "Жетінші арнаны" 100 000 оқырман жинағаны үшін "Күміс батырма" (YouTube / Silver Play Button YouTube) сертификатымен марапаттаған еді. Мұндай үрдіс қазақстандық араналарға жаңа серпін берері сөзсіз. Себебі медианарықтағы арналар көрсеткішін, танымалдығы мен рейтингін анықтайтын критерийлер өзгеріп жатыр. Соның айқын мысалы – YouTube платформасы.

Massaget.kz