ХХ ғасырдан бері мемлекет қорғауындағы ғимарат

ХХ ғасырдан бері мемлекет қорғауындағы ғимарат
Фото: baribar.kz

Бүгінгі күні  «Қазқайтажаңарту» РМК-ның сәулеті мен сәні келіскен бас ғимараты ХІХ ғасырдың соңында бой көтерген. Ғимарат ХХ ғасырдың соңынан бері мемлекет қорғауында.

Мың жылдық тарихы бар Алатаудың баурайында орналасқан Алматы қаласы  әрі көне, әрі әсем ғимараттарымен танымал. Тыныс-тіршілігі ерте заманнан бастау алған Алматы қаласының маңынан  табылған көне мәдениетіміздің жауһары  Алтын адам, мәдениет және тарих ескерткіштерінің көшін бастап тұрған  Боралдайдағы, Есіктегі Сақ қорғандары тарихын танитын әр қазақтың  мақтанышы. «Жер жаннаты Жетісу» деп дөп айтып,  ежелден-ақ   Алатау  алабын мекен еткен ата-бабаларымыз бүгінгі Алматының келбетінің шежіресінің һәм тарихының бастаушылары болды.

Бүгін тілге тиек ететініміз, 1909 жылға дейін Штабная көшесі аталып келген қазіргі Гоголь көшесінің бойында орналасқан 1890 жылы бой көтерген   ғимарат.  Бүгінгі күні «Қазқайтажаңарту» РМК-ның бас ғимараты міндетін атқарып тұрған бұрынғы нақты бастауыш қалалық училище Верный қала атауын иемденгеннен кейін балалар саны күрт артып, қоғамдық қажеттілікке байланысты тұрғызылған. Ғимараттың сәулетшісіА.П. Зенков. Ең алғашында үш жылдық училище болып ашылып, он екі жылдан кейін бастауыш училище болып қайта  құрылды. Одан соң арада сегіз жыл өткеннен кейін Верный қаласындағы ең алғашқы еңбек мектебі осы ғимаратта ұйымдастырылған. Кеңес Одағының құрылуына байланысты ғимарат Қаз КСР Мәдениет министрлігінің жұмыс орнына айналады. Тәуелсіздігімізді алған тұстан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ғимараты болып бас қаламыз Астанаға ауысуына байланысты министрлік 2000 жылы осы ғимараттан көшті. Дегенмен де ғимарат  2000-2007 жылдар аралығында министрліктің Алматы қаласындағы өкілдігінің пайдалануында болды. 2007 жылдан бастап күні бүгінге дейін  «Қазқайтажаңарту» РМК-ның бас ғимараты міндетін атқарып тұр.

Зер сала қараған адамға бірден ғимараттың жиегі өрнектелген ағаштан жасалған терезесі мен Алатау еменінен ойылған қасбеті ерекше көзге түседі. Ғимарат ХІХ ғасырға тән сол кезеңдегі орыс сәулет өнері үлгісіне және сол кезеңдегі ағаш құрылысының үлгісіне сай салынған. Византиялық стильде тұрғызылған деп айтсақ та қателеспейміз. Сәулетші А.П. Зенковтың өзіндік қолтаңбасы бұл ғимараттан да байқалады.

 1981 жылға дейін ғимаратқа ұсақ-түйек жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп келіп, аталған жылы толығымен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұрынғы нақты бастауыш қалалық училищесінің ғимараты 1982 жылдың 26 қаңтарынан бастап республикалық маңызы бар ескерткіштер санатында. Алматы қаласының әкімдігінің мұрағаттық мәліметтерінде Қазақстан   Республикасының  1993 жылғы 25  қарашада қабылданған №46 қаулысына сәйкес Қалалық реальды училище ғимаратын (Гоголь көшесі, 37) Алматы мемлекеттік тарих-сәулет және мемориалдық қорығына енгізу туралы  шешімі бар.  Сол мезеттен бастап ескерткіш мемлекет қорғауында. Ғимаратқа қайта жаңғырту жұмыстары соңғы рет 2013-2014 жылдар аралығында жүргізілді. Қайта жаңғырту жұмыстары ғимарат шатырына, қасбетіне және сыртқы бөлігіне жасалды.

Ел қызметіне ғасырдан астам уақыт жарап тұрған ғимарат қазақ елінің Тәуелсіздікке ие болуының да куәсі. Егемен елдің қарыштап дамуының да, екшелеп шешкен талай тағлымды іс пен дамыған елдерді өкшелеп қуып жетуіміздің де куәсі бұл ғимарат. Сыны да, сыры да кетпеген ғимарат өз құнын арттырмаса, кемітіп жатқан жоқ. Әлі де бабын тауып, өз бабында ұстасақ, тағы да ғасыр қызмет ететініне күмәнсізбіз.

Қазқайтажаңартудың баспасөз қызметі

М. Ақан