Аспандағы «Қазақстан картасы»

Аспандағы «Қазақстан картасы»
Фото: nationalgeographic.kz

Бұл сурет маусым айының ортасында Балқаш көлінің солтүстігінде орналасқан Ақжайдақ ауылының маңында түсірілді. Осы өңірге жасалған арнайы экспедиция кезінде«National Gographic Қазақстан» журналының қызметкерлері табиғаттың сирек кездесетін таңғажайып құбылысына тап болды.

Түн бата басталған жауын тура шелекпен құйғандай тоқтаусыз сіркіреп берді. Төрт сағаттан астам уақыт бойы тоқтамай күн күркіреп, түнгі аспанда тынымсыз найзағай ойнады. Көк күмбезінің әр жерінен 4-5 секунд салып жасын оты жарқылдап жатты. Бұл шын мәнінде аса бір үрейлі көрініс еді. Қауып-қатерге қарамастан, үсті-басы малмандай су болған«National Gographic Қазақстан» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов бір сағаттың ішінде бірнеше жүздеген кадр жасап үлгерді. Ал мынау солардың ішіндегі ең үздігі деп танылып отыр. Көзге түртсе, көрінгісіз қараңғылықты қақырата соғып, айналаны жап-жарық еткен жай оты бір қарағанда Қазақстанның картасына да ұқсап кететін секілді.

Жергілікті балықшылар бұндай құбылысты жетпісінші жылдары ғана көргенін айтады. Жаңбырдың өзі жылына санаулы рет жауатын өңір үшін бұл шынымен де таңғаларлық жағдай болатын.

Балқаш көліне жауын-шашынмен қосылатын ылғал нормасы өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі мәлімет бойынша 1970-1983 жж. аралығында 3,5 куб шақырымға тең болған.

P.S.:Бір ғана найзағай разрядының ток күші 500 мың амперге, кернеуі он миллионнан миллиардтаған вольтқа дейін жетеді! Ғалымдар оны пайдалануға болатынын көптен айтып жүр. Талай энергетиктің қиялын арбаған «аспан энергиясы» игерілсе, жер планетасы сөзсіз электр тапшылығынан құтылар еді…

Дереккөз: nationalgeographic.kz

Е. Жұмабайұлы