Қарбыз кешеуілдетіп шығу себебі

Қарбыз кешеуілдетіп шығу себебі
Фото: jenskiymir.com

Биыл қарбыздан қағылуымыз мүмкін. Өңірде шырынды жидек егілген алқаптарды шегіртке басып алды. Зиянкестер бас-аяғы он күн ішінде Сарыағаш және Шардара аудандарындағы жүздеген гектар егінді жайпаған. Қарбыз еккен диқандардың басым бөлігі, несие алып егін еккен. Шығынға белшеден батқан шаруалар биліктен көмек сұрайды. Ал атқамінерлер даурығуына негіз жоқ деп отыр.

Өңірдегі дәнді дақылдар егілген алқаптарды шегіртке басып қалған. Шаруалардың ерте көктемнен бергі еңбегі шырылдауықтарға жем болды. 3 гектар жерге жыл сайын қарбыз егетін Жолат Мырзасейітов қыруар қарызды қалай қайтарарын білмейді. 700 мың теңгені 15 пайызбен қарызға алып егін салған шаруа енді мүлдем тақырға отырғанын айтып отыр.

Сарыағаштың жүздеген диқаны шегірткемен күреске көшкен. Таңертеңнен кеш батқанша зиянкеске қарсы у шашады. Ол үшін арнайы техникалар тартылған. Тіпті, өз еркінше шегірткенің көзін жоюға кіріскендері де көп. Бар мақсаттары еккен қарбыздарын сақтап қалу.

Ал өңірдегі ауылшаруашылығы саласының мамандары шаруаларды даурықпауға шақырады. 48 миллион теңге бөлініп, күрес жүріп жатқанын айтады. Бірақ қанша егін алқабына шегіртке түскенін дөп басып айта алмай отыр.

Кеңес Алпысбаев, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы: «Сарыағаш пен Шардара аудандарында зақым келді деген мәлімет бар. Бірақ, біз бірнеше гектар деп айта алмаймыз. Қанша гектар екені толық көлемі анықталғаннан кейін белгілі болады. Себебі, зиян әкелді деген сөз дымы қалмай құрыды дегенді білдірмейді».

Шенеуніктің есебінше, енді екі күннен кейін шегірткелердің көзі жойылып бітеді. Ал шаруаларға өтемақы берілмейді деп отыр.

otyrar.kz

@. @assel_assanova