Отандық целлюлоза шығаратын зауыт Ресейге күніне 30 тонна өнім жөнелтуде

Отандық целлюлоза шығаратын зауыт Ресейге күніне 30 тонна өнім жөнелтуде
Фото: zik.ua

Целлюлоза мен оның түрлерін шығаратын Шымкенттегі зауыт Ресейге тасымалдау ауқымын арттырды.

Енді күн сайын 30 тонна өнім жөнелтілуде. Өңделген өнім дәрі-дәрмек, құнды қағаздар мен сыр-бояуларды жасау өндірісінде таптырмас компонент саналады. Қазір зауыт қуаттылықты арттырып, талшық өндірісін кеңейтуге бет бұрған. 

Бұл цех тәулік бойы кідіріссіз жұмыс істейді. Мақта талшықтары үш ауысымда өңделеді. Зауыт өніміне тапсырыс Ресейден түседі. Бірі одан дәрі жасаса, енді бірі бояуға қосады. Тіпті Ресейдің құнды қағаз өндірісінде де кеңінен қолданылады.

 Кәсіпорын сапасы төмен мақта мен оның қалдықтарын өңдеп, сұранысқа ие өнімге айналдырып отыр. Бастапқыда ұсқынсыз көрінген қалдықтар әп-сәтте кіршіксіз таза ақ мақтаға айналады. «Мұның бәрі жаңа технологиялардың арқасында жүзеге асуда», - дейді мамандар.

Талшықтармен оның түрлерін кәдеге жарату үшін тәжірибелер жасала бастады. Шикізаттан алынған ұнтақты бірнеше бағытта пайдалануға болады.

Қазір Чехия және Венгрия кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Шымкенттің целлюлозасынан вискозалық талшықтар және сүлгілер жасау жоспарда бар. Ол үшін кәсіпорынға қуаттылықты арттыру қажет. Өндірілетін барлық өнімге қазірдің өзінде сатып алушылар табылып отыр. 

Дереккөз:24.kz

Е. Жұмабайұлы