Ақтаулық қыз-келіншектер ойыншық тоқып табыс табуда

Ақтаулық қыз-келіншектер ойыншық тоқып табыс табуда
Фото: ytimg.com

Бұл туралы 24.kz сайты хабарлайды. Жапон стиліндегі амигуруми тоқыма өнері ақтаулық қыз-келіншектер арасында кеңінен танымал. Үй шаруасындағы әйелдер ертегі кейіпкерлері мен жан-жануарлардың бейнесін айнытпай тоқуды жетік меңгерген. Алақанның жылуы сіңген дүниелерді көпшілік те жоғары бағалайтын көрінеді. Тіпті, ата-аналар балаларына табиғи жіптерден тоқылған жұмсақ ойыншықтарды сатып алғанды жөн санайды.

Оксана төрт жылдан бері қолынан жібі мен ілмегін тастаған емес. Сүйікті ісін балаларына арнап жұмсақ аяқ киім тоқудан бастапты. Қазір қолы қалт еткенде ойыншықтар жасауға кіріседі. «Ертегі кейіпкерлері мен сүйкімді жан-жануарларды тоқи отырып, балалық шағыма қайта оралғандай боламын», - дейді қолөнер шебері. Қолөнер шебері Оксана Аванесян "Бір ойыншықты тоқу үшін бір күн уақыт кетеді. Алдымен дөңгелектеп тоқу арқылы ойыншықтың пішінін келтіріп, ішіне синтепон саламыз. Кейін көзі, мұрнын, құлағын тоқимыз. Ең қиыны да осы – ұсақ бөлшектерді тоқу. Мәселен, қолын тоқығанда, екеуінің бірдей болуын қадағалау керек. Еңбек демалысымен үйде отырған соң, бұл менің табыс көзіме де айналды, – дейді.

Амигуруми – жапон стиліндегі тоқыма өнері. Жапондықтар осы тәсілмен жасаған ойыншықтарды туысқандарына жақсы ниетпен сыйға тартатын көрінеді. Оксана да бұл қағиданы бұзған емес. Тіпті, жақын құрбыларына қолөнер түрін үйретіп жүр. Қолөнер шебері осы күнге дейін 100-ге жуық ойыншықты дүниеге әкелді. Енді Барби қуыршағын тоқып үйренуді қолға алмақ.

Е. Жұмабайұлы