«Анаға апарар жол» фильмі Грекияда көрсетіледі

«Анаға апарар жол» фильмі Грекияда көрсетіледі
Фото: massaget.kz

2017 жыл мамырдың 24-і күні Грекияның Ахарнон қаласында Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Новый мир» ЖШС-імен бірлесе түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі көрсетіледі. Мәдени іс-шараны еліміздің Грекия Республикасындағы Елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұйымдастырып отыр.  

Режиссер Ақан Сатаев түсірген фильм өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Оқиғаның негізгі желісі қазақ халқының басына түскен ауыр кезеңді – ұжымдастыру, жұт, соғыс және соғыстан кейінгі жылдарды қамтиды.

Естеріңізге сала кетсек, аталған тарихи туынды 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальге қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды, сонымен қатар актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті. Одан бөлек, бұл туынды биыл Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» жүлдесінде үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» - Алтынай Нөгербек; «Екінші пландағы үздік актриса» Аружан Жазылбекова; «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын аталған фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский иемденді. Одан бөлек, кинотуынды жақында ғана Бішкекте өткен «Ақ ілбіріс» атты VI  ұлттық киножүлдесінде "Орталық Азияның үздік фильмі" атанды.

Г. Берік