"Тараз" фильмі туралы екі түрлі толғаныс

"Тараз" фильмі туралы екі түрлі толғаныс
Фото: www.time.kz

Шықпай жатып жарнамасы жақсы жүрген "Тараз" фильмі туралы талқы басталып кетті. Бірнеше күн бұрын көпшілік экранға жол тартқан туынды туралы көрермен сан түрлі пікірде.

Негізгі талқы алаңына айналған фейсбук әлеуметтік желісінде танымал кино сыншы Әсия Бағдәулетқызы мынадай пікір білдірді:

Отыз жыл бұрын түсірілуі керек “туынды” еді...

Все это было бы грустно, когда бы не было смешно.

Неге бізде кәрісі де, жасы да “бәрі өзі” болғанды жақсы көреді? Сценарий авторы да өзі, режиссері де өзі, оған қоса басты рольді сүйікті өзі ойнауы керек. Соңында көтере алмайтын шоқпарды қоса көтерем деп, көтере алатын шоқпарына да шамасы келмей қалады.

Нұртас Адамбайдың “Таразында” да соны көрдік.
Иә, шындық қатал да қатыгез. Бірақ киноның бояуы бүгінгі күндікі емес. Тоқсаныншы жылдары, санасаң, отыз жыл бұрын түсірілуі керек “туынды” еді.

Нұртас “Келинка” үшін ұрыс естігенде “Шлагбаумды” көріп, ойлаған сияқты. “Аа, сендерге қараңғы кино керек па, мә”. “Еркебұлан керек па, мә”. Қараңғылық бар, негатив бар, пессимизм бар. Бірақ режиссерлік көзқарас, позиция туралы айтуға әлі ерте. Бұл тұрғыда Нұртастың фейсбуктағы посттары қызығырақ. Ал "Тараз", әлі де еріккеннің ермегі. Қорқақтардың атысы, кездейсоқ біреулердің бәрін қырып салуы... онымен ешкімді таңқалдыра алмайсың.

Бірақ мойындайық, кино әдемі басталып келе жатып еді. Таксисті қоспағанда, көліктегі төртеу. Бәрі үнсіз, сірескен беттер. Әрқайсысы өз ойымен.

Екі қыздың клубқа келе жатқан тұсынан бастап әсердің бәрі бұзылды. Бейкүнәлікті ойнаймын деп көзін қайта қайта бақырайта берген Г.Жоланованың қылығынан жасандылық басталды. Ары қарай атыс шабыс. Экранда кәдімгідей драма болып жатса, зал жырқ жырқ етіп күледі. Өйткені мұнда боевиктің схемасы бар да, қисын жоқ. Мысалы, ашулы Құдай сияқты Әлидей байдың баласы, әсіресе оны “неванильный красавчик” (Е.Тұрсыновтың сөзі) Жандос Айбасов ойнаса, қалаған қызына қолы жетпейді дегенге сену қиын. Немесе Айдар (Нұртастың өзі), атыс болып жатқан кезде өлген қызды айналып толғанып отырғаны несі? Өзін құтқару инстинкті қайда? Оның қасында Төлепберген Байсақаловтың “ақыры” сенімді. Жаны қыл үстінде тұрғанда Асандікі не махаббат? Немесе қалыңдықтың шкаф ағалары сонша жерден ат арытып келіп, Айдардың өліп жатқанын бір көріп кетуге де жарамады ғой...

Шыны керек, мұнда Еркебұлан Дайыровтан басқа көз тоқтататын ештеңе көрмедік. Еркебұлан кеше ғана жіптіктей бала еді, қазір бет жүзінде биография бар, ашынған адамдарды айнытпай кейіптейтін болыпты. Жай отырғанның өзінде көкжал сияқты, ал айқасқанда жаралы көкжал сияқты)). Нұртас “Таразға” қазіргі қазақ киносындағы бұқамойындар мен бетінен зәрі төгілгендердің бәрін жинаған, бірақ бәрі жабылып бір Еркебұланға партнер бола алмады. Ал томпиған бауырсақ Нұртастың өзі сол қатулы жүздердің арасына үйлесе алмай жүр.

Сосын бұл кинода саспенс жетіспеді. “Ойбай, жақындап қалды, қашыңдар, кетіңдер, әне, міне” деп орындықта отыра алмай кету деген жоқ. Содан да ма екен, “Тараздан” кейін тоймай қалып, Тим Бертонның “Мисс Перигриніне” кірдік. Кәдімгі ертегі сюжет, бірақ соншалықты алаңдайсың, елеңдейсің. Әй, бұл - қиял, фэнтезидің жанында “Тараз” деген тірі адамдар, өзіміздің қазақтар еді ғой. Жоқ. Сендірмейді. Зал әйтеуір қазақша боқтық естігеніне мәз болып қайтқан сияқты.

Ал белгілі блогер Өркен Кенжебек фильмнің моралін жиі айтылған балағат сөзбен байланыстырады. Өркеннің фильм туралы пікірі төмендегідей:

Нұртас Адамбай өзіне алған ауыр міндеттен әдемі құтылды

Фильмдегі конфликт Тараздағы түнгі клубтың біріне (шамасы, «Навигатор») келген үш достың абайсызда жергілікті авторитеттің баласын өлтіріп қоюынан басталады. Дөкейдің жер тіреген баласы әжетханаға бара жатып, жолай бір қызды қағып кетеді емес пе? Әлгі үш достың бірі Асан «Будь попроще» дейді, бұл сөзді көтере алмаған дөкейдің баласы онымен алыса кетеді.. Осы бір ауыз сөзді көтере алмай я оны басынан өткізіп жіберуді жалған намыс санап, тек Тараздың ғана емес, басқа қала мен даланың қанша жасы қыршыннан кеткеніне статистика жоқ. Бірақ, талайы қырылғаны, өмірін құртқаны рас.

Фильмнің атауындағы «Тараз» бұл жерде криминал мен албырттықтың синонимы ретінде алынып тұр. Әйтпесе, Тараздан ары кетсе 2-3 план ғана алынған. Тараздың неге дәл осы криминалмен аты шыққанына өзімнің теориям бар. Төрт жүз мың адамдық қалада үш үлкен түрме және тергеу изоляторы бар. Ол түрмеге басқа емес, сол маңайдан адамдар жататын болғандықтан, оларға махорка, қара шай, телефонына бірлік жинау үшін жәрдем («греб») ұйымдастырылды. Оған барлық мектептің төмен сыныптарындағы оқушылардан бастап университеттің жоғары курстарындағы студенттерге дейін тартылды. Ол «гребті» жинаушылар сол түрмеге түскендердің ет жақындары я «названный» брәтішкелері болатын. Ақша мен құрмет соларда. Кейін «понятиенің» сальто айналып түскені сонша, изоляторға 15 күнге жатып келген студентті бірден «пахан» сайлап жіберетін деңгейге жеттік. Түрмеге жатып келсе – охх, өмір көрген...

Бірақ, бір жақсы тұсы – Нұртас Адамбай «Таразында» осы «бандитский» өмірді дым да әспеттемейді. «Тараздағы» үш дос да қаны қатқан қаніпезерлер емес, оларға ілескен таксист пен студент қыз – ситуацияның тұтқындары. Бұрышқа тығылған тышқан секілді олардың ұрлық істеуден басқа қайраны қалмайды. Туысқандарына хабар бере алмайды, қашады, сасады, өздерінше айбат шегеді – өз араларында бір-біріне ашуын төгеді, ол болмаса әлгі байғұс қызға ақырады. Оларды аяйсың.. Бұлар негізі, лузерлер. Бірі әлі күнге өмірден орнын я лайықты жұмыс таппай, әйтеуір үйленгеніне әлі сенбей отырған Айдар, екіншісі шешесін емдеуге қаржы таппай, өзінен-өзі қажып жүрген Асан, үшіншісі спортты тастап, ажырасқан отбасысы бар, енді одан басқа өмірдің кілтін қай жерден іздесем деп жүрген Сапар. 
Сондықтан, бұл жерде үш тағдырдың ішкі арпалысы көбірек.

Әсіресе, Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжиттің рөлдері өте-мөте сенімді шыққан. Тіпті, Еркебұлан актерлік шеберлігі тұрғысынан енді Берік Айтжановпен теңесті дей аламын. Операторлық жұмыс – тамаша. Фильмді қарай отырып, ортақ визуализацияда индонезиялық «Рейдке» стиль тұрғысынан ұқсағысы келгенін байқадым. Әрине, бұл «Тараз» үшін үлкен плюс. Бірақ, сол «Рейдтегідей» немесе кәрістің «Жаңа әлеміндегідей» қан шашыраған қаталдықтың дозасы жетпей қалды. Үйге келген соң, кәрістің «Жаңа әлемін» қайтадан көріп шықтым.

Нұртас Адамбай. Оның «Келинка Сабинка» секілді коммерциялық өте табысты фильмнен кейін бірден жанрын өзгертіп, салмақты драма түсіруін тек қолдаймын. Және өзіне алған ауыр міндеттен бұл жолы әдемі құтылды.

Н. Айдархан