Қайғымызды бөліскен баршаңызға алғысымызды білдіреміз – К. Мәсімов

Қайғымызды бөліскен баршаңызға алғысымызды білдіреміз  – К. Мәсімов
Фото: tengrinews.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов әкесі Қажымқан Мәсімовтің қазасына көңіл айтып, қолдау білдіріп, қайғысына ортақтасқан қазақстандықтарға алғысын айтты. Бұл туралы twitter және Instagram парақшаларына жазды.

- Осы күндері біздің қайғымызды бөліскен баршаңызға алғысымызды білдіреміз. Мәсімовтер отбасы", - деп жазды ол твиттердегі парақшасында.

Сондай-ақ, ҰҚК төрағасы марқұм әкесі жазған "Аманат" атты кітабына сілтемемен де бөлісті. Автобиографиялық сипатқа ие әдеби шығарма автордың өз отбасының өмірі мен замандастары жайлы баяндайды. Өз өмірі мен замандастары, өмірден алған тәлімі мен сабағы жайлы жазған.

Қоғам қайраткері Қажымқан Мәсімов 8 сәуір күні дүниеден озған еді. Марқұммен қоштасу рәсімі ҚР Ғылым академиясы ғимаратында өтті. Қаралы жиынға Алматы әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Қайрат Келімбетов, Ғани Қасымов қатысты.

Қала әкімі Бауыржан Байбек ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

Қажымқан Мәсімов 1939 жылы 18 сәуірде дүниеге келген. Омбы темір жол, Павлодар индустриалды және Алматы дене шынықтыру институттарын бітірген.

Қазақ туризм және спорт академиясы спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры. 2016 жылдың қараша айынан бастап "Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіптік палатасы" заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер қауымдастығы құрылтайшыларының жалпы жиналысында төраға болып сайланды. "Мәсімов сауықтыру орталығы" ЖШС бас директоры, Қазақстан йога қауымдастығының президенті болды.

Ө. Сансызбай