Елордада Astana Science Festival фестивалі өтті

Елордада Astana Science Festival фестивалі өтті
Фото: Алтынай Омирзакова

«Жастар жылының» аясында 2 наурыз күні Astana Science Festival ғылыми фестивалі өтті. Шара шеңберінде мектеп оқушылары арасындағы Science Stars ғылыми конкурсының және Қазақстанның жас ғалымдарының арасында FameLab халықаралық конкурсының финалы өтті. 

Astana Science Festival – Британдық Кеңестің жастар арасында ғылымды насихаттауға бағытталған бағдарламаларының бір бөлігі. Фестивальдің негізгі мақсаты – жастардың арасында ғылым мен технологияны насихаттау.

«Мемлекет Қазақстанда ғылымды, технологиялар мен инновацияларды дамыту үшін айтарлықтай қаражат бөледі. Алайда, осы құйылған қаражат ғылым мен инновацияларға жастарды тарта алған жағдайда ғана, олардың дарынын аша алған жағдайда ғана тиімді болмақ. Бұл істе жастарды тек матералдық дүниемен ынталандырып қана қоймай, сонымен қатар жастардың ғылымға деген ынтасын да арттыруымыз қажет. Адамзаттың ілгерілеуі ғылым мен технологияның күшінде жатыр», - дейді «Ғылым қоры» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Ануарбек Сұлтанғазин.

Қатысушылар фестиваль аясында Назарбаев Университетінің зертханаларын аралады. Сонымен қатар, «Oyla» ғылыми-көпшілік журналы ұйымдастырған Ашық зертханалық жұмыс кезінде өз білімдерін арттырды.

А. Қажиев