Шәкен Аймановтың туғанына – 105 жыл

Шәкен Аймановтың туғанына – 105 жыл
Фото: Салтанат Смаилова

Еліміздің аса бай рухани қазынасын сақтап отырған архив ұжымы таяуда қазақ өнерінің кемеңгер тұлғасы, талантты актер әрі режиссер, КСРО Халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 105 жыл толуына орай әрі Елбасының жолдауында айтылған «Жастар жылы» аясында кино саласында еңбек етіп жүрген үздік мамандардың басын қосып, студент жастармен кездесу ұйымдастырды.

Архивте өткен өмірдің белгісі бар. Архив қызметкерлерінің басты мақсаты – үлкен ақпараттық қорды сақтау, оны үнемі толықтырып отыру, ұрпақтан – ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Дәл осы үдеден Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар архиві шығып келеді десек артық айтқандық емес.

Жиынға «Қазақфильм» АҚ төрағасы Бақыт Қайырбеков,  еліміздің белгілі  режиссерлері  Жәнібек Жетіруов, Владимир Тюлькин, Болат Нүсімбеков, кинотанушы Баубек Нөгербек  және Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "Өнертану" факультетінің "Кинотану" мен "Кинотеледраматургия" мамандандықтары бойынша білім алып жүрген студенттер қатысты. Шарада алдыңғы толқын ағалар мен олардың ізін басып келе жатқан кейінгі жас буынның арасындағы сабақтастық, Шәкен Аймановтың қазақ киносының дамуына қосқан үлесі, кино саласында жүрген қазіргі жастардың аяқ алысы төңірегінде  әңгіме өрбіп, кино-фото құжаттардан дайындалған бейнеролик көрсетілді.  Сондай-ақ  архив қорынан жинақталған «Қазақ киносының саңлағы» атты фотокөрме көрермен назарына ұсынылды.

Кешегі күн – бүгінгі тарих. Сол бай тарихымызды айна-қатесіз көз алдымызға әкелетін архив және ондағы сақталған құн­ды құжаттар аса маңызды. Қазіргі таңда Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінің қорында әйгілі режиссер Шәкен Айманов туралы көптеген деректі фильмдер бар. Даусы жазылған үнтаспалар, фотоқұжаттар сақтаулы.  Архив директоры Гүлмира Мұхтарова атап өткендей, қолдағы бар тарихи құжаттарды өсіп келе жатқан жас ұрпақтың назарына ұсына отырып,  санасына сіңдіру арқылы оларды ұлттық өнерге, өз тарихына құрметпен қарауға баулу – негізгі мақсат.  Осы тұрғыдан алғанда сандық технологиялардың жетістіктерін пайдалана отырып, құнды деректерді сақтауда қарқынды жұмыс жүргізіліп отыр. Шәкен Кенжетайұлының өнегесін паш еткен шара - атқарылып жатқан жұмыстың көрінісі деуімізге болады.

Автор: Салтанат Смаилова

А. Қажиев