Алматыда III Орталық-Азиялық Агротехнологиялық Саммит өтті

Алматыда III Орталық-Азиялық Агротехнологиялық Саммит өтті
Фото: kaznau.kz

6 желтоқсан күні Алматы қаласында III Орталық-Азиялық Агротехнологиялық Саммит өтті.  Отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологияларды меңгеру, әлемдік тәжірибелерді қолдану, агробизнесті қаржыландыру мәселелерін сарапқа салды. Халықаралық деңгейдегі шараны ҚазҰАУ, ҚР АШМ Агротехнологиялық Хаб және Азия Даму Банкі бірлесіп ұйымдастырды.

Шараның басында ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов сөз сөйлеп, бұндай халықаралық жиынның ауыл шаруашылығы саласы үшін аса пайдалы екенін атап өтті.

«Саммиттің негізгі миссиясы – халықаралық, әлем деңгейіндегі жаңа технологияларды, ғылымды, инновацияны аграрлық секторге тарту. Және оны бүгінгі аграрлық секторға бейімдеп, бүгінгі ауылшаруашылық өнімін арттыру. Сондай-ақ қазіргі агро өндіріске бағыт беру. Бүгінгі саммитке АҚШ, Еуропаның белді орталықтарынан ғалымдар келіп отыр», - деді Тілектес Есполов.

Дөңгелек үстелдер мен тақырыптық панельді сессиялар кезінде ауыл шаруашылығына қатысты өзекті тақырыптар, оның ішінде су және жер ресурстары, 2027 жылға дейінгі аграрлық нарықтың дамуы, аграрлық бизнестегі сандық технологиялар, дәнді дақылдар мен мал шаруашылығының өнімдерін арттыру, АӨК модернизациялауға инвестиция тарту мәселелері талқыланды

Аталған саланың дамуын ілгерілету үшін ұйымдастырылған саммиттің аясындағы сессияның бірінде Мичиган штатының жерді бақылау орталығының директоры, доктор Дзягуо Чи Қазақстандағы жайылымдық жерлер мен алқаптарға мониторинг жүргізудегі қашықтықтан бақылау технологияларын пайдалану жайлы баяндама жасады.
ФАО маманы, әлемге әйгілі экономист Рене Арауио Енсизо Қазақстандағы ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің 2027 жылға дейінгі болжамдарымен таныстырды.
Саммитті ұйымдастырушылар қатарындағы Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Джиованни Каппанелли Қазақстандағы АӨК-ді модернизациялау жайында баяндады.

Саммитке келген шетелдік спикерлердің арасында Джордж Буш, Барак Обама сияқты АҚШ президенттерінің технологиялар бойынша кеңесшісі болған Томас Селлуччи да бар екен. Білікті ғалым өзінің баяндамасында жаңа ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерциялау тақырыбының айналасында өз тәжірибесімен бөлісті.

Одан бөлек, конференцияға қатысушы белгілі АҚШ ғалымдары Кен Спает пен Филипп Гертин  Қазақстандағы мал шаруашылығы, оның ішінде ет өндірісіндегі мәселелер бойынша ақпараттармен таныстырды. Питет Кристианс жылыжайларда дақылдарды өсіру уақытында олардың өнімділігін арттыру үшін диодты жарықтарды пайдалану технологияларын енгізу керектігін жеткізді. Өсімдіктіктерді қорғаудың түрлі биологиялық әдістері бар екен. Бұл туралы америкалық ғалым Брайан Ректор өз баяндамасында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Делф Халықаралық Гидрологиялық институтының докторы Вим Бастиаансен ауыл шаруашылығының ішіндегі маңызды саланың бірі су ресурстарын мониторингтен өткізу үшін ғарыштық жаңа технологияларды қолдану керектігін алға тартты.

Үшінші мәрте ұйымдастырылған Орталық-Азиялық Агротехнологиялық Саммиті еліміздің ауыл шаруашылық саласының ілгері жылуына өз көмегін тигізді деп айтуға негіз бар. Келген қонақтардың, жиынға қатысушы спикерлердің айтуынша саммиттің ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болған. Бұл саммит әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүргендіктен, алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Ел экономикасының күретамыры – ауыл шаруашылығы саласын, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін, бұндай халықаралық жиындардың біздің мемлекетіміз үшін, сала мамандары үшін аса пайдалы екені айтпаса да белгілі. Шараны ұйымдастырушылардың қатарында болған Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің хабарлауынша, бұндай маңыздылығы жоғары басқосулар алдағы уақытта тағы бірнеше мәрте ұйымдастырылатын болады.

А. Қажиев