«Кедергісіз болашақ» қаһармандары әлем чемпионатына жолдама алды

«Кедергісіз болашақ» қаһармандары әлем чемпионатына жолдама алды
Фото: Динара Тілеубек

Мамыр айының 17 жұлдызында Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма және ҚР Голбол Федерациясының қолдауымен Алматы жастарының конгресі, Алматы студенттер альянсы, «Жігер» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен «Кедергісіз болашақ» жобасы аясында көру қабілеті зақымдалған жастар арасында Голбол турнирі болып өтті.

Аталған шараға еліміздің әр өңірінен жиналған 8 үздік голбол құрамалары, Алматы қаласының белсенді жастары, ҚР Голбол Федерациясының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен белді спортшылар қатысты.

Голбол – көру қабілеті бұзылған жандар арасында өте танымал ойын түрі. Ойын әрбірінің құрамы 3 ойыншыдан тұратын екі команда арасында өтеді. Негізгі мақсат - ішінде қоңырауы бар арнайы допты қарсыластың қақпасына кіргізу. Ойын есебінде қақпадағы доптардың саны бойынша оқ бойы озық болған құрам жеңіске жетеді. Спорттың бұл түрі 1946 жылдан бастап екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін сауықтыру мақсатында дүниеге келген. 70-жылдардан бастап Параолимпиада ойындарына кіреді. Голбол бойынша Еуропа және әлем чемпионаттары өткізіледі. Қазақстанда да бұл спорт түрі енді қарқын алып келеді.

«Кедергісіз болашақ» жобасы 14-29 жас аралығындағы денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жастарға қолдау көрсету, білім деңгейін көтеру, денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын ұстана отырып, спортқа және қоғаммен кедергісіз қарым-қатынасқа түсуге бейімдеу мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан тыс қалмауына елбасымыз, Н.Ә. Назарбаевтың өзі ой қосып, ағымдағы жылғы Жолдауында: «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер және тұлға ретінде сезінетін болады», - деп атап көрсеткен болатын.

Бір күнге созылған турнирді тамашалауға жиналған жастар легі әсерлі ойындарға куә болып, жеңіске ұмтылған жастарға жанкүйер болды. Жастардың бағы мен бабы қатар сынға түскен тартысты доданың марапаттау салтанатына ережесіз жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров қатысып, жеңіске жеткен топтар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал 1-ші орынды қанжығасына байлаған «Верный-1» құрамасы енді тамыз айында Таиландта өтетін Голболдан Тынық мұхиты аймағының Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Ж. Жұмағұлов