"Музейдегі түн" акциясы өтеді

"Музейдегі түн" акциясы өтеді
Фото: Ұлттық мұражай

2017 жылғы 18 наурызда сағат 19:00-02:00 аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Наурыз мерекесіне орай «Наурыз – жаңғыру нышаны» атты «Музейдегі түн» акциясы өтеді. 

Шара барысында қазақтың асық ату, арқан тарту, қол күресі сынды ұлттық ойындары ойнатылып, наурыз кәдесі, айтыс, т.б. қазақтың төл өнері мен салт-дәстүрлері көрсетіледі. Сонымен қатар, киіз үйдің құрылысы мен жабдықтары туралы лекция, құрт әзірлеу, киізден ойыншық жасау, кенепке сурет салу, сәндік интерьер және ою-өрнек, дәннен панно жасау, керамикалық бұйымдар әзірлеу бойынша шеберлік-сыныптары өтеді. Астана қаласындағы Ольга Крюкованың Дизайн және Сән мектебінің стилистері мен имидж шеберлері ұсынған арнайы шеберлік-сыныптары да бар. 

Мектеп жасындағы оқушылар мен студенттерге арнап «Археологиялық квест» ойыны және «Жас археолог» атты ғылыми шоу бағдарлама ұйымдастырылады. Және де суретке түсуге арналған арнайы зал әзірленеді. 

Акция барысында Астана қаласындағы «Оберег» – украин мәдени орталығының вокалды-хореографиялық ансамблі, «Злата» – болгар мәдени орталығының және «Поляки» – поляк мәдени орталығының өнерпаздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама ұсынылады. 

Сондай-ақ, зергерлік бұйымдар, кәдесыйлар және кітаптар сатылымға қойылатын жәрмеңке ұйымдастырылады. 

Әлем музейлерінде кеңінен насихатталатын «Музейдегі түн» акциясы Ұлттық музейде осымен үшінші рет өткізілмек. 2015 жылы өткен «Музейдегі түн» шарасына 23 мың адам қатысса, 2016 жылы келушілердің саны 30 мыңнан асты. Бұдан былай музей аталған акцияны жылына 4 мәрте ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Ж. Жұмағұлов