Ұлы Дала еліндегі оқушылардан құрылған тұңғыш әрі жалғыз RadioLAB

Ұлы Дала еліндегі оқушылардан құрылған тұңғыш әрі жалғыз RadioLAB
Фото: М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің Баспасөз бөлімі

Ғылым жүректің әділеттілік, ұят, рақымшылық, мейірбандық қасиеттерінің артықшылығын қолдайды. «Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған...» деп тұжырым ететін хакім Абайдың ізімен жастық шақ алқабына ілім дәнін сеуіп, ертеңіне жемісін көруге қарекеттенген жас  өскіндердің талабына нұр жаусын деп іштей тілек етіп сүйсінесің. 

Ұлы дала елінің көк өрім-тал шыбық ұрпақтары кемел келешекке ұмтылған ата-баба аманатын арқалап келеді. Дәстүрінен жаңылмай, аһ ұрып сан ұрмай туралықта табысу – сауатты һәм салауатты буынның заңды жетістігі. Сол қисаптан Алматы қалалық Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей оқушыларынан құрылған, қала оқу мекемелеріндегі бірден-бір техникалық әлеуетті нысан – UN7GWI ұжымдық радиостанциясы өз білімгерлеріне радиобайланыс арқылы эфир әлемінің қыр-сырына жете қанықтырып, техника тіліне баулып келеді. Әлемдік әрі Отанымыздағы айтулы, маңызы зор шараларда үн қосып, үнемі өнімді еңбек үстінен көрінетін ізденімпаз ұжым мүшелері өзге орайлас-құралпыластарына өнеге, үлгі деп бағалауға болады. 

Владимир Сапрыкин, Самал Нұржанова жетекшілік ететін RadioLAB шығармашылық клубы өзінің кезекті міндетін абыроймен өткергенін зор мақтанышпен айтамыз. ХХҮІІІ Халықаралық қысқы универсиадаға арналған радиоәуесқойлардың белсенділік күндеріне қатынасу – шығармашыл топтың кезекті межесі. Тоғызыншы территорияның торапты алып шаһары Алматыда өткен, бүкіл жер жұртшылығы көз тіккен спорт додасын қал-қадірінше насихаттап, спортшыларымызға қолдау білдіру мақсатында барын салған клуб қатысушылары желілік рацияны өзіне алғашқы онкүндікте серік тұтты. 

Қысқы Универсиада ойындарына байланысты қалалық мектеп оқушыларының демалысына қарамастан 30 оқушы-радиобайланысшыларымыз арнайы ауысым-кезекшілік тәртібімен әлем радиостанциялармен үздіксіз байланыс жүргізіп, Радиоәуесқойлар Лигасында жарияланған конкурстың арнайы жүлделі дипломдарымен марапатталды. Бұл жеңіс – талмай еткен еңбектен деп білеміз. 

Планетаны пана еткен өзге мемлекеттердегі радиоәуесқойлармен халықаралық қатынастарды нығайту міндеттемелеріне сәйкес төмендегідей көрсеткіштерге қол жеткіздік: а] алғашқы Алау жеткізілген күннен-ақ [29.02.2017] 1600 байланыс жүргізілді; ә] дүниенің түгелдерлік елдерімен Алматы қаласы, Мәскеу, Белгород, Ресейдің еуропалық бөлігі мен өзге региондары, Испания, Бельгия, Украина, Болгария, Эстония, Латвия, Чехия, Словения, Куба, Сербия, Венгрия, Германия, Франция, Италия, Польша, Ұлыбритания, Солтүстік Африкадагы Того, Қытай Халық Республикасы, Египет, Израиль, Түркия т.б., сондай-ақ ең алыс координата ретінде Оңтүстік Америкадағы (Латынамерикалық) Перу мемлекеттерімен диалогтық операциялар орындалды. 

Жұмыстың қызу шағында ақпараттық байланыс саласында мамандануға тырысқан оқушыларды көруге арнайы келген «Таңшолпан» ақпараттық-танымдық бағдарлама [«Қазақстан» ұлттық арнасы] тілшілері бейнематериал дайындап, ел тұрғындарына еңбекқор-ізденгіш жастарды таныстырды. Еңбекті елеп, дем беруге келген БАҚ өкілдеріне оқушылар дән риза. Көп өтпей-ақ ақтүтек ақпанның сегізі туып, ақсұз үстіндегі аламанның ақыры таяды. Нәтиже жарияланып, лицейдің жас байланысшылары құрметке бөленді. Алматы қаласы бойынша 54838 байланыс жүргізілген болса, соның 7379 -ы UP28UA префикстіндегі лицей еншісінде. Осыған орай Қазақстан Радиоәуесқойлар қызметі Ассоцияциясының арнайы Алтын, Күміс, Қола жүлделі Дипломдарымен мараптталды. Бұл шараның ел ордасы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» арналған радиоәуесқойлардың белсенділік күндеріне қатынасуда зор тәжірибе болары сөзсіз.

Бір ерекшелігі мұнда бар жұмысты оқушылар өздері үш тілде (ағылшын, орыс, қазақ) еркін жүргізеді. Жетекшілер тек нұсқап, бағыт-бағдар беріп отырады. Балалар радиоаппараттың құлағын бұрап-бұрап бой үйретіп алған. 

Айналып келіп, Абайға жүгінеміз. «Келер қазақтың ішер уы да татар балы да Абайдан» демей ме данышпан Асқар Сүлейменов. 
«Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім...»
Алдағы уақытта да жас ұландар Ұлы Дала елінің игілігінің жаршысына айналып, жарқын да жеңісті күндердің себепкері боларына бек сенім білдіреміз!

Алматы қалалық Махатма Ганди атындағы 
№92 мамандандырылған лицейдің 
Баспасөз бөлімі

Ж. Жұмағұлов