Елбасы Алматы қаласындағы мұражайда болды

Елбасы Алматы қаласындағы мұражайда болды
Фото: akorda.kz

Қазақстан Президенті жұмыс сапары барысында Алматының жаңа мұражайы экспозициясымен танысты. Бұл мұражай өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен көрсететін ірі ғылыми әрі мәдени орталық болып саналады, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

– Әлемдегі кез келген ірі қалада музейлер өте көп. Бұған біздің де ерекше назар аударғанымыз жөн. Музейлер туристерді көбірек тарту үшін қажет, ал туризм – әрбір мемлекеттің экономикасының маңызды саласы, – деді Мемлекет басшысы.

Музей қорында 40 мыңға жуық экспонат, соның ішінде бейнелеу өнерінің туындылары, қазақ этнографиясының үздік топтамасы, түрлі дәуір мен мәдениетке жататын тұрмыстық заттар, нумизматика жәдігерліктерінің жиынтығы және басқа мұралар бар.

Мұражай экспозициясы 11 залдан тұрады, онда мультимедиалық технологияларды қолдану арқылы Алматының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихы бейнеленген.

T. Кіршібаев