Елдегі 11 өңір өнеркәсіп өнімі өндірісінің өсіміне қол жеткізді

Елдегі 11 өңір өнеркәсіп өнімі өндірісінің өсіміне қол жеткізді
Фото: economy.gov.kz

Жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 0,8% құрады. Құрылыс (7,5%-ға өсу), ауыл шаруашылығы (4,5%-ға), көлік (3,8%-ға) және өңдеу өнеркәсібі (0,5%-ға) секторлары экономика өсімінің басты драйверлеріне айналды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сейсенбідегі Үкімет отырысында хабарлады.

Министрдің айтуына қарағанда, өңдеу өнеркәсібінде металлургия өнімдерінің өндірісі 6,8%-ға, азық-түлік 3,8%-ға, фармацевтикалық өнімдер 2,8%-ға ұлғайды. Ауыл шаруашылығында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімі өндірісі ұлғайды.  Неғұрлым жоғары өсу қарқыны Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарында байқалды.

Сонымен бірге, мұнай өңдіру өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда, 3%-ға артты. Бұған Қған кен орнының іске қосылуы әсер етті, онда тәулігіне 75 мың баррельден астам мұнай өндірілуде.

«Сондай-ақ, дайын өнім экспортының өсуі оң фактор болып табылды. Мәселен, ағымдағы жылғы қаңтар-қарашада 2015 жылдың 11 айымен салыстырғанда дайын өнім экспорты 509,8 млн. АҚШ долларынан 544,9 млн. АҚШ. долларына дейін, 6,9%-ға өсті», деді Қуандық Бишімбаев.

Құрылыс саласында да қарқын байқалады. Тұрғын үй құрылысы мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен құрылыс жұмыстарының көлемі 7,5%-ға ұлғайды. Көпшілік инфрақұрылымдық және тұрғын үй нысандарының салынуы жоспарлы көлемде аяқталуда және орындалған жұмыстар актісіне қол қою рәсімдері жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері елде 8,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бұдан басқа, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, «МИИДБ» және дағдарысқа қарсы бағдарламалар шетелдік қаражат үшін Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырып отыр. Мәселен, есептік кезеңде инвестиция көлемі 6,6 трлн-ға өсті, ал ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны 12,1 млрд. АҚШ долларын құрады.

Жыл қорытындысында ЖІӨ өсімі болжанған 0,5%-дың орнына 0,8%-1% деңгейінде болуы мүмкін. Бағалауға қарағанда, ағымдағы жылы «Нұрлы жол» және дағдарысқа қарсы шаралардан ЖІӨ өсіміне жиынтық үлес 2,7 пайыздық тармақты құрады. Еске салсақ, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға 970 млрд. теңге бөлінді, оның 356,4 млрд. теңгесі кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

T. Кіршібаев