Елбасы Ресей Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Елбасы Ресей Президентіне  көңіл айту жеделхатын жолдады
Фото: tengrinews.kz

Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Түркия Республикасындағы елшісі Андрей Геннадьевич Карловтың қайғылы қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

Жеделхатта А.Карловтың дарынды дипломат болғаны және оның кәсіби қызметі баршаның құрметіне ие болып, Ресей мен Түркия қарым-қатынасын нығайтуға бағытталғаны атап өтілген.

«Бұл терроризм актісі осынау зұлымдықпен күрес жолында бүкіл әлемнің күш-жігерін жұмылдыру қажет екеніне тағы да көзімізді жеткізе түсті. Ешқандай зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды», – делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан А.Карловтың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

T. Кіршібаев