Жетісулықтар Тәуелсіздіктің 25 жылдығын қарсы алды

Жетісулықтар Тәуелсіздіктің 25 жылдығын қарсы алды
Фото: zhetysu.gov.kz

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі Талдықорған қаласында 25 автокөлік қатысқан автожарыспен басталды. Мерекелік колонна қаламен жүріп өтіп, «Жастар» саябағына тоқтады. Облыс тұрғындарын мерейтойлық мерекемен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады, - деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Б. Римова атындағы облыстық драма театры дайындаған «Тәуелсіздік – елдік пен ерліктің іргетасы» атты театрландырылған көрініс қойылып, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті ұсынылды. Жетісулықтарды құттықтаған облыс әкімі А. Баталов:

- Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Дәл осы күні 1991 жылдың 16 желтоқсанында республикамыз өзінің тәуелсіз, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретіндегі мәртебесіне ие болды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік аренада өз ұстанымын нығайтып, бірлік пен өркендеудің символына айнала отырып, барлық бағытта толайым табыстарға қол жеткізді. Әрбір жетістігіміз бен әрбір жеңісіміз Тұңғыш Президентіміз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Ал бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – тұрақты дамуға қол жеткізген әлеуеті зор мемлекет.

Мұнан соң облыс әкімі Алматы облысының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, осы мерейлі датаға орай «25 жұлдызды күн» акциясы өткізілгенін де тілге тиек етті. Осы акция аясында ірі оқиғалар, әлеуметтік маңызы зор шаралар өткізілген. Олардың қатарында бір күнде 25 балабақшаның ашылуы, 25 кәсіпорынның іске қосылуы, облыстың 75 елді мекенін қамтыған «Скрининг» денсаулық көлігінің сапарын және басқа да маңызды істерді атап өтуге болады.

- Алда бізді жаңа мақсаттар мен үлкен жеңістер күтіп тұр. Мемлекет басшысының жүктеген міндеттерін толымды жүзеге асыра отырып, жетісулықтар еліміздің дамуына қомақты үлес қосатынына сенімдімін. Сіздерді Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, ашық аспан тілеймін. Тәуелсіз еліміз өсіп, өркендей берсін! – деп А. Баталов сөзін қорытындылады.

Осы күні «Жастар» саябағында мерекелік концерт, спорттық жарыстар, көрмелер және басқа да қызықты шаралар өткізілді.

T. Кіршібаев