«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ЖТҚ шағын аудандарын салу жоспарлануда

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ЖТҚ шағын аудандарын салу жоспарлануда
Фото: spk39.ru

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев үкімет мәжілісі барысында тұрғын үй құрылысы саласындағы барлық ресурстарды біріктірген «Нұрлы жер» бағдарламасы тұжырымдамасын таныстырды, - деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Министр атап өткендей, тұжырымдаманың басым бағыттары: ипотекалық қарыздарды субсидиялау арқылы ипотекалық несие беруді қолдау; құрылыс компаниялары үшін қарыз мөлшерлемесінің бір бөлігін жабу жолымен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру; Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін «револьверлік» қағидаты бойынша несиелік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту; халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін  сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру; қажетті инфрақұрылым жүргізу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.

Бишімбаев ЖТҚ дамыту үшін облыс орталықтарында жаңа пилоттық тәсілді қолдануды ұсынды.

«Оның негізгі міндеттері мынадай: бірыңғай құрылыс салушы арқылы бірыңғай сәулеттік үлгіде жеке тұрғын үй салу; ҮҚК технологияларын қолдану арқылы тұрғын үй құнының қолжетімділін қамтамасыз ету; кезекте тұрған азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдікпен қарыз беру арқылы жеке тұрғын үй құрылысын қаржыландыру», - деді министр.

ЖТҚ шағын ауданына бірыңғай сәулеттік үлгі беру үшін ҮҚК технологияларын қолдану жолымен бірыңғай құрылыс салушы арқылы үй құрылысын жүргізу ұсынылады.

«Пилоттық жобаға қатысушы кезекте тұрған азаматтар жер учаскесімен бірге және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген дайын үйді өздері сатып алуға немесе оны сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен несие алуға құқылы. Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жеке және қарыз қаражаттары есебінен 70 млрд. теңгеге дейін қарыз беруге дайын», - деді Бишімбаев.

Түпкілікті қарыз алушының қарыз бойынша сыйақысының мөлшерін 5%-ға дейін төмендету үшін мемлекет ипотекалық несиелеуді қолдау бағытының аясында сыйақы құнының 7%-ына дейін субсидия беретін болады (ҚИК арқылы). Осы тәсіл бойынша кезекте тұрған адам үшін ай сайынғы төлем алғашқы 5 жылда 70 мың теңгені, кейінгі 10 жылда 56 мың теңгені құрайтын болады. Аталған шаралар бізге жыл сайын шамамен 40 мың дербес үй (4 млн. шаршы метр) салуға мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, бағдарлама аясында азаматтарға бастапқы үй сатып алуға екінші деңгейлі банктер беретін ипотеканың пайыздық ставкасының бір бөлігін мемлекеттің субсидиялауы арқылы халықтың сұранысын ынталандыру көзделіп отыр», - деді Бишімбаев.

Банктің сыйақы ставкасын жеті жыл бойы жылына 17%-дан артық емес мөлшерде субсидиялау болжануда. Түпкілікті қарыз алушының ипотекасын 10%-ға дейін төмендету үшін мемлекет сыйақы құнының 7%-на дейін жабуды қамтамасыз ететін болады. Субсидия қаражатын тиімді пайдалану үшін Астана және Алматы қалаларындағы халыққа несие берудің шекті сомасы 20 млн. теңгеге және өңірлерде 15 млн. теңгеге дейін 15 жыл мерзімге белгіленетін болады. Осындай шартпен ипотека беру кезінде несие бойынша ай сайынғы орташа төлем Астана және Алматы қалаларында 158 мың теңге, өңірлерде 116 мың теңге болады.

Жоспарға сай, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 1,5 млн. астам тұрғын үй, соның ішінде 2017-2019 жылдары 274 мыңнан астам тұрғын үй салынатын болады.

T. Кіршібаев