Ақтау қаласында алғашқы әскери-теңіз айлағы ашылды

Ақтау қаласында алғашқы әскери-теңіз айлағы ашылды
Фото: transexpress.kz

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдық мерейтой аясында Ақтау халықаралық теңіз сауда портының аймағында еліміздің әскери-теңіз күштері корабльдері мен кемелерінің орналасуы үшін айлақтың ашылуы өтті. Айлақтың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Сәкен Жасұзаков пен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қатысты, - деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Еліміздің әскери қауіпсіздігіне сенімді кепіл бола алатын Қарулы Күштеріміз Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен оң беделін арттыруда. Сонымен қатар, бұл бағытта Қазақстан Республикасының Қорғаныс Істері министрлігінің қолдауы мен қосқан үлесі ерекше әрі мол. Соның бір айғағы – бүгінгі ашылғалы отырған қоғамдық стратегиялық маңызы зор ірі жоба – әскери теңіз күштерінің айлағы. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің отандық Әскери-теңіз күштерін құрудың мақсаты – Каспий теңізіндегі еліміздің қауіпсіздігін сақтау, теңіз жағалауын күзету, мемлекетіміздің Әскери – теңіз күштерін дамытудың басым бағыттары болып табылады. Маңғыстау облысы әкімшілігі өз тарапынан әскери-теңіз күштерінің әлеуетті тиімділігі мен шекара қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жобаларды қолдап , іске қосуға жағдай жасайды, - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.

Ақтау порты аймағында орналасқан айлақта біруақытта он кеменің тұру мүмкіндігі бар.

T. Кіршібаев